ҚХР басшысы Си Цзиньпин Тәуелсіздік сарайына алғашқы қонақ болып келді. Оны Қазақстан Президенті күтіп алды. Ал кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан президенттерін күтіп алды.
“Сіздердің барлығыңызды ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы аясында Қазақстан астанасында көруге қуаныштымын. Астанада ұйымдастырып отырған саммитімізге келгендеріңізге алғыс айтамын. Сондай-ақ, бүгін осындағы барлық президенттің атынан президент болып сайланған соң алғащ рет осы саммитке қатысып жатқан Өзбекстан президентіне алғыс айтамын”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ қатысушыларына.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев жақында осы елдердің премьер-министрлерімен кездескен болатын. Қазақстан Президенті Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ға кіру процесі осыдан 12 жыл бұрын басталғанын айтып өткен еді. ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының 17-ші Кеңесінде бірқатар құжат қабылданады деп жоспарланған. Мемлекет басшылары Астана декларациясына қол қояды, ШЫҰ-ның экстремизмге қарсы іс-қимыл Конвенциясы қабылданады. Жалпы алғанда 11 құжатқа қол қойылады. Келіссөздер кеңейтілген құрамда да, жеке құрамда да өтеді делінеді. Сондай-ақ, мемлекет басшыларының ШЫҰ жағдайына баға беріп, міндеттерді бекітіп, ұйымның даму перспективаларын анықтайды. Ал кешке жақын саммиттің барлық қатысушысы EXPO-2017 халықаралық көрменің ашылу салтанатының қонақтары болады.