Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
10
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Астанада өткен ақындар айтысының бас жүлдесі Жандарбек Бұлғақовқа бұйырды

321

Халықаралық ақындар айтысын ақын Серік Құсанбаев жүргізді. Сөз додасына еліміздің түкпір-түкпірінен және Қытай, Моңғолиядан іріктелген 16 ақын, атап айтқанда: Есімжан Нақтыбайұлы, Ардабек Ақбаба, Арзыгүл Қайыңбекқызы, Мұрадым Мирланов, Айнұр Тұрсынбаева, Нұрлан Бектібаев, Қабдыжәлел Сахарияұлы, Мөлдір Айтбай, Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан, Іңкәрбек Әділхан, Талғат Мықи, Фархат Маратұлы, Мұхамеджан Мансұров, Қуаныш Нұржанов, Әсет Дүйсебев келген. Ал төрешілер қауымының құрамында айтысқа елімізге белгілі Ғарифолла Есім, Оразгүл Асанғазықызы, Балғынбек Имашев, Өмірзақ Озғанбай, Гүлмира Кубашева, Қонысбай Әбілов қатарлы танымал тұлғалар төрелік етті.

Айтыстың алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша, ақтық сайысқа Сырым Әуезхан мен Жандарбек Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева мен Әсет Дүйсебаев шықты. Бірінші болып шыққан Сырым мен Жандарбектің тартысты сөз додасы қос ақынның ең жоғарғы 70 ұпай алуымен аяқталды. Екі ақын ел өміріндегі ең өзекті мәселелерді қозғағанын атап өту керек. Ақтық сайыстың екінші жұбында айтысқан Айнұр мен Әсет кезек-кезек сөз барымтасының үлгісі қандай болатынын таныта білді. Айнұр айтыс соңында Әсетке жол берді.

Халықаралық айтыстың нәтижесі бойынша жүлдеге ілікпеген алты ақынға ынталандыру сыйлығы ретінде 100 мың теңгеден табысталды. Сонымен бірге, жоғары ұпай алған тағы алты ақын 200 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.

Жүлделі ІІІ-орын Айнұр Тұрсынбаеваға (500 мың теңге) бұйырса, ІІ-орынға Әсет Дүйсебаев (700 мың теңге) ие болды. Халықаралық айтысты ұйымдастырып отырған Жасан Зекейұлы Әсетке сонымен бірге, 500 мың теңгелік арнайы «Жасай» сыйлығын табыстады. Жүлделі І-орын Сырымға бұйырып, оған 1 млн теңгенің сертификаты берілді.

Бас жүлде – Жандарбек Бұлғақовта. Ел қошеметіне бөленген ақынға «Hiunday» автокөлігі табысталды.

«Жалпы Елбасының «Рухани жаңғыру» атты салиқалы мақаласында ұлттық рух, ұлттық мәдени құндылықтарымыз, оның ішіндегі салалы бағыттар бойынша келелі мәселелер көтерілді. Сол ұлттық бағытты темірқазық етіп, айтыс өткізіп жатқан Жасан ағамызға үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Ұлттық мәдениетті дәріптейтін өнер додасы көпшіліктің көңіліен шықты деген ойдамын», – деген ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Гүлмира Қуашева Жасан Зекейұлына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының алғыс хатын табыс етті.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз