2025 жылы 12 мамырда Астана қаласында Халықаралық еріктілер жылына дайындық және өткізу бойынша Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсаттарындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялаған болатын.
Аталған іс-шара барысында еріктілік қозғалысты дамыту мен азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған негізгі бағыттар, бастамалар мен жоспарланған іс-шаралар талқыланатын болады. Отырысқа БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойлы Құрбанов, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және еріктілік бірлестіктердің өкілдері қатысады.
Қазақстан мемлекет пен еріктілік қауымдастық арасындағы табысты институционалдық әріптестіктің үлгісін көрсетіп келеді. Елімізде еріктілік қызметтің құқықтық негіздері қалыптасқан. «Еріктілік қызмет туралы» заң қолданыста, сондай-ақ, еріктілікті 2026 жылға дейін дамытудың жол картасы жүзеге асырылуда.
Еріктілік қызметті үйлестіру мақсатында «Qazvolunteer.kz» онлайн платформасы жұмыс істейді. Платформа еріктілер мен ұйымдарды біріктіріп, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен қатысу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат ұсынады. Бұдан бөлек, еліміз бойынша еріктілік бастамаларды қолдау мен мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін Ұлттық фронт кеңсе қызмет атқарады.