Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Астанада №67 мектеп директорының бесіктен белі шықпаған ұлы көлік айдап келеді (видео)

135

 

Кеше Facebook әлеуметтік желісінде қоғамның назарын өзіне аудартқан видео жарияланды. Насима Қорғанбекова есімді желі қолданушысының мәліметіне сәйкес, видеода өрескел заң ережесін бұзып, машина жүргізген оқушы – №67 гимназия директорының ұлы. Оқушының 9 сыныпта оқитын 15 жастағы бала екендiгi де айтылған.

Ал гимназия директоры Альфия Мұсаева телефон арқылы бұған қатысты өз пікірін білдірді.

«Олар барлығын әдейі істеді. Мен ұлдарды қалай үгіттегенін білмеймін. Бұл менің көлігім емес, олар жалған айтады. Ұлым қалада машинамен жүрмейді, ол көлік айдай алмайды, оның көлік жүргізу куәлігі жоқ. Видеодағы әрине менің ұлым, бірақ ол жерде бір кішкентай үзінді ғана. Біз бұның қандай машина екендігін, оның қанша жүріп өткендігін білмейміз. Бәлкім одан «сен көлік жүргізе аласың ба?» деп сұраған болар. Ол алданып қалған. Балам үлкен күйзеліске ұшырап, есігін кілттеп, бөлмесінен шықпай қойды. Кешеден бері есікті аша алмай жатырмыз. Қасында отырғандардың кім екендігі көрінбейді, бұны олар әдейі жасады, олар менің кеткенімді қалайды. Маған тіпті телефонмен хабарласып, нөмірді сөндіріп тастайды. Мені «мектептен кет, әйтпесе отбасыңа қауіп төніп тұр» деп қорқытады», – деді телефон арқылы берген сұқбатында Альфия Мұсаева.

Ал аталмыш білім ордасының мұғалімдері мен ата-аналары мектеп директоры тарапынан заңсыз ақша жиналатындығын алға тартып отыр. Ұстаздардың айтуынша, мектепке жұмысқа тұрғысы келген мұғалімдер директорға белгілі мөлшерде ақша берген. Сондай-ақ, қаржы түрлі сылтаулармен оқушылардан жиналып тұрған. Гимназия ұстаздары осыны айтып, бірнеше мемлекеттік органға да шағымданған екен. Атап айтсақ, олар қазір елорданың құқық қорғаушыларының көмегіне жүгініп отыр. Бұған дейін ұстаздар Астана қаласының Білім басқармасы, Астана қаласының прокуратурасы, «Нұр Отан» партиясы мен басқа да мекемелерге ұжымдық шағым түсірген. Олардан қайыр болмағандықтан мұғалімдер енді Президентке ашық хат жолдамақ. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қазіргі таңда аталған істі Астана қалалық ІІД қарап жатыр, ал денсаулығына байланысты демалыс алған гимназия директоры болса ұстаздарды сотқа беріп үлгерген. Мектеп ұжымының мәлiметiнше, директор бұрынғы жұмыс орындарында да бірнеше рет соттасқан екен.
Атап өтсек, біз бұған дейін гимназия директорының ісін енді Білім және ғылым министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің тергейтінін хабарлаған болатынбыз. Бұл жайында халыққа есеп беру кезінде Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеген еді.

«№67 мектепте тіркелген жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы №67 мектептің директорына қатысты тергеу жұмыстарын жүрзігіп жатыр. Тергеу біткеннен кейін тиісті қорытындысы шығарылады. Біз ақпаратты береміз. Директорды қызметінен алу қалалық білім басқармасының құзіретіне кіреді. Комиссия жұмыс істеп жатыр. Біз осы сұрақты бақылауда ұстап отырмыз», – деді Суханбердиева.

Сонымен қатар, вице-министр әлеуметтік желіде тараған видеоның қалалық Ішкі істер департаментiне жіберілгендігін айтты.

«Желіде тараған видеоға тоқталайын. Біз Астана қаласының Ішкі істер басқармасына сұрау хат жібердік. Олар бала шынымен көлікті басқарды ма, ол 15 жасында жүргізуші куәлігінсіз қалай көлік басқарып жүр?! Осы сауалдарға жауап іздейтін болады. Бұл сұрақ та біздің бақылауымызда», – дедi Эльмира Суханбердиева.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз