Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
9
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Энерготиімділік: Астанада 30 мыңнан аса “ақылды” шамдар орнатылады

Жалпы, елорда көшелерін жарықтандыру жекенің қолына өтпек. Осыған орай, қала әкімдігі Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы көшені «ақылды» жарықтандырумен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы конкурс жарияламақшы.

Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының отын-энергетикалық ресурс бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұловтың айтуынша, қазіргі таңда қала көшелерін түрлі типтегі бірыңғай стандарты жоқ шамдар жарықтандыруда.

«Кейбір жерлерге энергия үнемдейтіні орнатылған, кейбір жерлерде ескі типтегісі орнатылған, ал қазір барлық жерге бірдей етіп жарықтандыру орнату қажет. Ол үшін аудан әкімдіктерінің балансында тұрған 30 мыңнан астам ескі шамдарды ауыстыру жоспарланып отыр», – деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, олар тек энергия ғана үнемдеп қоймайды, ең бастысы «ақылды» шамдар.

«Шамның автоматты режимде жанып, сөніп тұруына басымдық беретін жүйе орнатылады. Осылай жанып-өшіп тұратынын реттейтін арнайы жарық датчигі болады. Сондай-ақ диспетчрлік пункт те құрылады, олар автоматты режимде қай учаскеде шам сөніп қалды, қай жерде апат болды, қай жерде жарық жоқ, шам қайда күйіп кетті, соның бәрін диспетчерлік пунктте бақылап тұруға болады», – деді Мақсат Есмағұлов.

Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлік тұрғысындағы жобаның конкурстық құжатын әзірлеу аяқталды. Конкурсты 22 маусым күні жариялау жоспарлануда. Оған біліктілік талаптарына жауап бере алатын барлық әлеуетті қатысушылар жіберіледі. Конкурстың құжаттық көшірме пакеттерін қалалық «AstanaInvest» инвестицияларды дамыту орталығынан конкурстың өтетінін жариялағаннан күннен бастап тегін алуға болады. Өтініштерді қабылдау 31-шілдеге дейін жалғасады.

Конкурстың жеңімпазымен келісімшартқа қол қоюды қыркүйектің соңына таман жоспарлап отыр. Осыдан кейін жекеменшік әріптес қуат көзін үнемдейтін шамдарды орнатуға кірісуі тиіс.

Негізінен, Елбасы Қазақстан үшін энергияны үнемдеу ең бірінші орында тұруы шарт дегенді жиі айтады. Бұл, ең алдымен, Қазақстан мүше Еуразиялық экономикалық одақтағы бәсекелестікке төтеп беру үшін қажет.

«Біз Кеден одағы шеңберіндеміз, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге ұмтылудамыз. Біз ұдайы бұған әзірленуіміз керек. Бұған әзірленіп, барлық шама-шарқымызша дайын болуымыз керек. Бұл оңай нәрсе емес. Кейбір бағытта біз өткен жылдары ішінде көп артта қалып қалдық. Енді бізге қуып жету емес, басып озу міндеті тұр. 2020 жылға дейін жаңа міндеттер қойылды – біз әлемнің инновациялық экономикасы қатарына енуіміз керек. Бұл қарапайым дүние емес. Сондықтан да, индустриялық бағдарламада ең алдымен инновацияға баса мән беруіміз керек», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев бұл ретте.

Айта кетелік, 2017 жылы Астанада өткен ЭКСПО халықаралық көрмесінен кейін Қазақстан жасыл технологияларды, баламалы энергия қуат көздерін дамытуды жоспарлы түрде қолға алып, энергетикалық үнемге көше бастады. Осы мақсаттағы жобалар мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие. Бұл турасында Елбасы ел тәуелсіздігін алғалы бері айтып келеді. Бастапқыда сөз жүзінде айтылған нәрселер қазір нақты іске айналып, Қазақстанның даму жолын айқындай түсуде. Бұл ретте Астанада өткен ЕХРО халықаралық көрмесінің маңызы өте зор болды.

Ал ЭКСПО-да бір апта жұмыс жасап, елге тиімді деген жобалардың тізімін құрастырды. Шетелдік павильондардан 105 технология және ұлттық павильоннан 28 технологияны іріктеп алды. Қазіргі таңда әкімдіктер 40, ұлттық компаниялар 15 технологияны іріктеп алған. Соның ішінде ұлттық компаниялар екі жобаны 2018 жылы енгізейін деп отыр.

Негізінен, „ақылды„ шамдар „Ақылды қала„ бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бағыттың бірі. 2025 жылға дейін Қазақстанның төрт шаһары «ақылды қала» атағын алады. Ал 2050 жылы еліміздің барлық облыс орталықтары осындай статусты иеленеді. Одан кейін «ақылды» жүйе ауылдарда енгізіле бастайды.

Бұл мақсатта 150 ұлттық стандарт әзірленді. Олардың барлығы халықаралық талаптарға сай келеді. 7 жыл ішінде Қазақстан цифрландыру деңгейі бойынша әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылуды мақсат тұтып отыр. Нәтижесінде азаматтар мемлекеттік қызметтердің 80 процентін онлайн түрде алатын болады, сондай-ақ, еңбек өнімділігі 15 процентке артады.

Жалпы Қазақстан бойынша «Ақылды қала» жобасы Астана, Алматы, Шымкент пен Ақтөбеде іске асырылуда. Кейін осы тәжірибені өзге қалаларға да қолдануға болады. Оның аясында орынсыз су, жарық шығындарын азайтып, табыс түсетін салалардың қаражатын арттыру да көзделген. «Ақылды қала» жобасы аясында елордада ұялы байланыс құнын төмендетуге мүмкіндік беретін, құрылғыларды орнату көзделген. Сондай-ақ, алдағы уақытта елорданың 3D үлгісін жасау, экологиялық қабылдағыштар қою, электронды қызметтерді құру қарастырылуда. Бейнебақылау камераларының санын арттыру – басым бағыттың бірі.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз