«Астана» Еуропа лигасының «А» тобындағы екінші ойынын өткізіп, өз алаңында «Славия» клубымен тең түсті. Есеп – 1:1.
Екі команда да негізгі құрамдағы ойыншыларының бәрін алаңға шығара алмады. «Астана» сапында жарақат алып, қатардан шығып қалған Кляйнхайслерге соңғы сәтте Аничич пен Граховац қосылды. Ал «Славия» Хушбауэр, Данни сынды белді ойыншыларына сенім арта алмады, деп хабарлайды sportsffa.kz.
«Астана» да айылын жиған жоқ. Алма-кезек шабуылмен өткен бірінші таймда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Ойынның бірінші жартысы аяқталуға айналғанда, жылдамдықтарын үдете түсті. Кабананганың сол қапталдан ортаға қарай тепкен добын Марин Томасов екпінімен келіп, қиыс тепті. Әйтсе де, жауапты голды осы хорват футболшысы соқты. Алыстан Джуниор Кабананганың тепкен добын қонақтардың жанкешті қақпашысы Пржемысл Коварж ышқына секіріп, тойтарды-ақ… Бірақ кері қайтқан допты Томасов қақпаға тура тепті. Гол! Таразы басы теңесті.
Екінші тайм біршама тыныш өтті. Доп қақпа бағанасына тиіп, жүректі зырқ еткізген жоқ, әйтеуір. Бір рет Ненад Эрич өз шеберлігін паш етіп, допты секіріп те, жатып та, екі мәрте тойтарды. Қорғаушыларымыз да батылырақ ойнап, тез қимылдап отырды. «Астана» қанша шабуылдаса да, «Славияның» қорғанысын бұза алмады. Қонақтардың қорғаушылары Кабананга, Твумаси және Томасов үшеуін тұсаулап ұстады, деуге де болады. Олардың назары осы үшеуіне ауғанда, Серікжан Мұжықов сытылып кетуге тырысып еді, одан да нәтиже болмады. Осылай, ойын тең аяқталды.
«Астана» – «Славия» – 1:1 (1:1)
Голдар: Нгадеу-Нгаджуи, 18 (0:1). Томасов, 42 (1:1)
https://youtu.be/MqsWWk0o1nY