Алматыда әлеуметтік сала қызметкерлеріне тағайындалған сыйақы 15-желтоқсанға дейін беріледі.
Иә, солай! Жергілікті бюджеттен үнемделген қаражаттың 6,2 млрд теңгесі әлеуметтік сала қызметкерлеріне сыйақы ретінде берілмек.
Бұл – қала басшылығының халыққа Тәуелсіздікке жасаған тартуы. Алматыда жалпы саны – 114 мың 300 адам бір жарып қалады. Дәрігерлер, мұғалімдер мен тәрбиешілер, әлеуметтік және бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлерге бір айлық еңбекақысы көлемінде сыйақы тағайындалады. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылары 50 мың теңгеден алады екен.
Алайда бұл сыйақылардың Астана мен Алматыдан өзге өңірде тұратын халыққа еш қатысы жоқ. Бастапқыда еліміздің барлық өңіріндегі барша халық сыйақы аламыз деп қуанып, бір дүрліккен. Бірақ ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік министрлігі бұл мәліметті жоққа шығаруға мәжбүр болды.
Енді Алматы мен Астанада тұрмайтын басқа өңір азаматтарында наразылық бұрқ етті. Мұны әлеуметтік желідегі талқылаулардан анық аңғаруға болады. Ондағы көп пікір:
“Сонда біз тоқалдан тудық па?” дегенге саяды.
Саясаттанушы Ерлан Сайыров бұған Алматы мен Астана қалаларының әкімі емес, басқа өңір басшылары кінәлі деп санайды.
Ерлан Сайыров, саясаттанушы:
– Қазір жергілікті билікке үлкен мүмкіндіктер берілген. Мәселен, олар жергілікті бюджетті өздері құрады, оны жұмсау жағы да өз ырқында. Осы жағынан алғанда, Астана мен Алматы қаласы әкімдерінің Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы құрметіне әлеуметтік әлжуаз топтар мен әлеуметтік қызметкерлерге жергілікті бюджеттен ақша бөлуі – орынды.
Ал басқа облыстар сыйақы бере алмаса, мұны жергілікті биліктің, әкім-қаралардың осалдығы, сараңдығы деп білу керек.
Қазір жиналған салықтың барлығы орталыққа жөнелтіле бермейді. Жергілікті бюджетке қалатыны да бар. Осы тұрғыдан алғанда, облыс жергілікті бюджетті дұрыс құра алмай отыр немесе қолда бар ақшасымен мерекелі датада елмен бөліскісі келмейді.
Қаржыгер-маман Ілияс Исаев басқа өңірлер де сыйақы береді деген сенімде. Оның пікірінше, тек аяқ-асты қабылданған бұл шараға облыстар үшін бірден ілесіп кету қиындау болып жатқандай.
Ілияс Исаев, қаржыгер-маман:
– Менің білуімде, ең бірінші жергілікті бюджеттен әлеуметтік осал топ пен әлеуметтік қызметкерлерге, кейбір бюджет саласы мамандарына Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына сыйақы тағайындап, бөлетіндігін Алматы әкімі Бауыржан Байбек жария етті. Одан соң міне, Астана әкімі де осылай етіп жатыр деп жақында естідік.
Демек, басқа облыстар да қалыс қалмай, осы тұрғыда қазір әкімдер жанталасып, ізденіп жатыр деп ойлаймын.
Расында, бұл ретте халық арасында наразылық тууы мүмкін. Миллион халқы бар қала әкімі өз тұрғындарын осылай жарылқап жатқанда, 600 мың, 500 мың халқы бар өңір басшыларына одан қалыс қалу ұят емес пе?
Тағы бір жағынан, қазір алма-ғайып заман, мұнай бағасы құлап, Үкіметтің шарасыздығы аңғарылып қалды.
Сондықтан қазіргі билік туралы жағымды пікір қалдыратын шаралар ауадай қажет. Ал Тәуелсіздіктің 25 жылдығы деген таптырмайтын тақырып, әрі халық осы реттегі сыйлықтан құлақтанып, дәмеленіп отыр.
Ендеше, оны неге ұтымды пайдаланбасқа?..