Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Асхат Аймағамбетов ҰБТ нәтижелері бойынша мектептердің рейтингін жасамауды сұрады

225
Informburo.kz

«ҰБТ кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау, ҰБТ өткізу пунктерін медициналық персоналдармен қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, ҰБТ нәтижелері бойынша облыстардың, қалалар мен мектептердің рейтингтерін жасамауды сұраймыз.

Қазіргі таңда ҰБТ – өз еркімен жоғарғы оқу орындарына түсу үшін тапсыратын емтихан болғандықтан, осы нәтижелерді рейтинг жасауға пайдалану – біздің ойымызша, дұрыс емес»,

— деді Білім және ғылым министрі Үкімет отырысында.

Асхат Аймағамбетов мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарына қолайлы жағдай жасауды, балаларды тасымалдау мәселесін ұйымдастыруды сұрады.

«Жалпы, ҰБТ өткізуге дайындық жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Биылғы тестілеуді өткізуге дайынбыз», – деді министр.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырғалы отырған түлектерге бірқатар кеңес берді.

«Баласы атқа мінсе, ата-анасы тақымын қысып отырады. Сондықтан, балалар үлкен емтихан тапсыратын кезде ата-аналар қатты қобалжиды. Кей уақытта балалардан бұрын ата-анасы қатты уайымға батып жатады. Сол себепті ата-аналар өз баласына сенуі керек. Бұл – кәдімгі емтихан. Жаңа ғана атап өткенімдей, бұл емтиханның  алғашқы кезеңдері қаңтар және наурыз айларында өтіп, оған 115 мың бала қатысты. Сол пунктілерге барды. Олар телефонды тұншықтыратын құрылғылардың барын біледі, аудиторияларды көрді. Жалпы, психологиялық дайындық деңгейі жаман емес деген ойдамын. Сондықтан, ата-аналар өз баласы үшін қобалжымай, оған керісінше көмектесіп, қолдау көрсетіп, жігерлендіргені абзал», – деді Асхат Аймағамбетов Үкіметтің баспасөз орталығында.

Министр түлектерге шпаргалка немесе ұялы телефон сияқты дүниелер босқа уайым болатынын атап өтті.

«Түлектер мен ата-аналарға айтарым: ең бастысы – уайымдамау керек. Адам өзімен бірге «шпаргалка» немесе ұялы телефон алып жүрсе, ең алдымен, өзінің мазасы кетеді. Ең біріншіден, «аудиторияға оны қалай кіргізем» деп басы қатады. Содан кейін «мені байқап қалмас үшін оны қалай пайдалансам болады» деп миы ашиды. Ол да уайым. Мұндай ойлар ешқашан сергуге көмектеспейді. Сол себепті, менің ойымша, өзіңе сенген дұрыс.

Тест бойынша емес, бағдарламалық материалмен дайындалған абзал.

Себебі, бұл өте маңызды. Өз тәжірибем бойынша білемін. Барлық ата-аналар мен мектеп түлектеріне сәттілік тілеймін», – деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, елімізде 20-30 маусым аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз