Мемлекет басшысы “Егемен Қазақстан” басылымында жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ашаршылық жылдарына қатысты тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керектігін айтты, – деп хабарлайды Kaz.365info.kz.
– Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді, – деп атап өтті президент.
Сондай-ақ, тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келетіндігіне тоқталды. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқтығын, деректердің ала-құлалығын айтты. Және осыған байланысты тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керектігін атап өтті.
– Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес
ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн.
Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.