Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
22
USD
440
0.00
EUR
474
0.00
RUB
4.82
0.00

Әсет Исекешев. Бұл кісі не тындырды, не бүлдірді?

147

Бұл Әсет Исекешев жайында саясаттанушы Данияр Әшімбаев бүй дейді:

Данияр Әшімбаев

Арыстанбек екеуі бір мектептен шыққан

Әсет – керек кезде керек жерден табылған бала ма?

Қазақстанда ара-тұра саяси элитаға жастарды тартуға талпыныстар жасалады: жастарды түрлі басшылыққа тағайындап, арасынан біреулерді ары қарай көтермелеу дәстүрі бар. Кезінде президент аппаратында кадрларды Жоғары экономикалық кеңес пен Стратегиялық жоспарлау агенттігі таңдап-іріктеп отыратын. Ондай жастардың арасында «болашақтықтар» да болды, бірақ негізінен онда мемлекеттік органдар, бизнес пен институттардың жас қызметкерлері жүретін. Кадрларды таңдаумен ұзақ уақыт бойы Ержан Утембаев деген біреу айналысып келді. Утембаев 90-шы жылдардан бері экономика жағынан еліміздің бас стратегі болған еді.

Солай. Содан анда-мұнда басшылықта жүріп ысылған жастардың бір парасы жаңа элитаның өкілі ретінде бірден жоғарыға қарай өсе бастады. Соның бірі – біздің Әсет Исекешев.

Ол – «болашақтық» емес.

– Ия. 90-шы жылдардың соңында ірі құрылымдағы тәжірибе шетелде оқып келгенмен тең болатын. Исекешев прокуратурада заңгер болды, сосын Президент жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебінде оқыды. Ол кезде кадрлар негізі осы мектептен шығатын. Бұл мектептен Қайрат Келімбетов, Азат Перуашев, Дархан Кәлетаев, Біржан Кәнешев, Марат Құсайынов, Арыстанбек Мұхамедиұлы сияқты талай кадр шыққан.

Содан кейін Исекешев Әділет министрлігіне барып, бірден департамент директоры болды. Одан көп ұзамай Әділет министрлігінің еншілесі — «Ұлттық заңгерлік агенттігі» АҚ-на басшы болды, сосын бизнеске алғашқы бетбұрысын жасады.

Айтпақшы, осы арада Әсет Орынтайұлы азғантай уақытқа олигарх Дінмұхаммед Ыдрысов басқаратын «Ордабасы» корпорациясына келді. Бұл – президенттің бөлесі Қайрат Сатыбалдыға қарасты құрылым еді. Онда біраз басшылық етіп, сосын түбегейлі бизнеске кетіп қалған. Саяси сахнадан көрінбеді.

Индустрияландыру стратегиясы мен Келімбетовтің командасы

2002 жылдың қарашасында Исекешев мемлекеттік қызметке қайта оралды. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің командасына кіріп, оның кеңесшісі болды.

2003 жылы индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы стратегиясы іске қосыла салысымен Исекешев Индустрия және сауда министрінің орынбасары атанды. Бұл жерде ол Жақсыбеков пен Мыңбаевтың орынбасары болып 3 жыл отырды.

– Қаптаған стратегиялар кезеңі еді.

Олар дүркіреген аты бар, бірақ іс жүзінде түк бермеген көпірме стратегиялар еді. Қыруар ақшалар бөлінген, олар туралы қазір көп айтылмайды. Бірен-сарандары сол істер бойынша түрмеге «отырды».

Исекешев индустриялық-инновациялық даму жобасының бас идеологтарының бірі болатын. Баспасөзде көп сөйлеп, көп түсіндіріп жүрді, көзге түсіп-ақ жүрді.

2006 жылы «Қазына» қоры құрылды. Тағы да сол Қайрат Келімбетовке орынбасар болды. 2007 жылы Исекешев Credit Swiss банкінің Қазақстан бойынша өкілдігіне кетіп қалды.

2008 жылы Қайрат Келімбетов президент әкімшілігі басшысы лауазымына келе салысымен Исекешев те президенттің көмекшісі бола кетті, ол іс жүзінде президент әкімшілігінің экономика жөніндегі басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Исекешев президент әкімшілігінде бір жылдан асар-аспас уақыт қана болды. Ол кезең – үлкен дағдарыс кезеңі еді, шешілмеген қаржылық мәселелер үшін көптеген бастар ұшып жатты, Әсет Орынтайұлы көп нәрсеге тұмсығын тықпай, тыныш жүрді. Мұнысы жөн болды.

Сол кезеңде бірқатар коммерциялық банктерді мемлекет меншігіне алу басталды, сондай-ақ мемлекет есебінен екінші деңгейлі ірі банктерге қосымша капитализация жасалды. Бұл ең бір түсініксіз шешім еді. 10 млрд доллар экономикаға жұмсалды, сол үшін президентке жаппай алғыс айту басталды. Бірақ сол ақшаның тағдыры не болғанын қазір ешкім онша айтқысы жоқ.

Мүмкін, ол ақшаның белгілі бір бөлігі Әблязовпен бірге шетелге кеткен шығар. Елбасы сол 10 млрд доллардың қайда екенін бір-ақ рет сұраған,

бірақ біздің пысықайлар “ол ақша жұмыс істеп жатыр, бәрі кейін қайтады” деп, президентті тез арада сендіріп тастады.

2008 жылы «СамұрықҚазына» қоры құрылды. Бұл да дағдарысқа қарсы «қазақстандық» күрестің бір түрі еді. Тағы да ойбай, индустрияландыру керек десті. Біраз білгіштер бұл жүйелі дағдарыс емес, циклдік дағдарыс деп шықты. Сол циклге қарсы цикл ойлап тауып, экономикалық саясат жүргізейік деп даурықты. Шын мәнінде үлкен дағдарыстың себебі өте көп болатын.

Дағдарысты пайдаланып өнеркәсіпті дамытайық, оны модернизациялайық деген әңгіме көтерілгенде Исекешев Индустрия және сауда министрінің лауазымына тағайындалды. 2010 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық даму дейтін жаңа мемлекеттік бағдарламаны ойлап тапқан да сол министрлік болатын. Бұл өзі үлкен кешенді міндеттер болып шықты. Сол үшін тіпті Индустрия және жаңа технологиялар дейтін арнайы министрлік те құрылды, ал Исекешев министр лауазымымен қатар вице-премьер болып тағайындалды. Оның орынбасарлар командасы да тәуір болды – Альберт Рау, Нұрлан Сауранбаев, Бақытжан Жақсалиев.

Көп жұмыс жасалды. Қазақстан сол кезде Евразиялық экономикалық қауымдастыққа кіруге қауырт дайындалып жатқан еді. Әрі өнеркәсіп пен энергетика саласын дамытуға күш салды.

Бірақ жаңадан ашылған әр жұмыс орнына жүздеген мың доллардан жұмсалып жатты. Бұл масқара жағдай еді, көптеген инвестициялар ойластырылмай жасалып, тағы талай ақша желге ұшты. Көптеген кәсіпорындар бәсекеге қабілетсіз болып шықты. Оның үстіне, жекеменшік бизнес мемлекеттік капиталды майшелпек етіп, жақсылап тұрып жей бастады. Инновациялық жағы да жайына қалды. Инновациялық саясатқа жауап беретін даму институттары Исекешев министрлігінің қол астында, ал ғылыми-зерттеу институттары Білім және ғылым министрлігінің құзырында еді. Әлі солай. Инновация тұрмақ, ведомстволар арасында айтарлықтай қарым-қатынас әлі күнге дейін байқалмайды.

Өтірік есеп, жалған көшбасшылық

Жаңа мемлекеттік бағдарламаның алғашқы бесжылдығы аяқталғанда кезекті дағдарысқа ұрындық. Жағдай одан сайын нашарлап, кәсіпорындарымыз бәсеке атаулыға мүлдем жарамсыз қалды.

Инвестициялардың тиімділігін бақылау мәселесі шешілмеді. Бізде әйтеуір қит етсе, Қазақстан – тікелей шетелдік инвестициялар тарту жағынан өңірдің көшбасшысы, деп ұрандату сәнге айналды. Бірақ сондағы инвестиция дегені инвестиция емес, біздің компаниялар шетелдіктерге сатылып жатты.

Ел байлығын сатуды “инвестиция тартумен” шатастырды. Сөйтіп халықтың басын қатырды.

Қаншама несиелер берілді, олардың біразын кейін прокуратура мен финпол әрең қайтарса, қалғаны сол күйі табылмай кетті.

Осылайша индустрияландыру бағдарламасының нәтижесін бағалау қиын. Бір жағынан көптеген кәсіпорындар ашылды. Бірақ олар жаңа, ірі өндірістер емес еді, тек ескі кәсіпорынды жаңарту ғана болатын. Бар болғаны шұжық цехтары мен сүт зауыттары. Мұны енді индустрияландыруға жатқызуға бола ма?

Осылайша индустрияландыру бағдарламасы оңбай сәтсіздікке ұшыраса да, Исекешев өзін әдемі сөйлей беретін оратор ретінде көрсете білді. Өзінің түсініксіз стратегияларын мақтауға келгенде алдына жан салмады. Айтпақшы, алғашқы «түсініксіз» стратегияның аталары Қайрат Келімбетов, Сауат Мыңбаев, Әділбек Жақсыбеков, Даниал Ахметовтер сол стратегиядан не күтетінін өздері де толық ұқпай кеткен сияқты.

Ал Исекешев болса өйтіп-бүйтіп өз стратегиясының алғашқы бесжылдығын әйтеуір орындағандай болды. Одан кейін күтпеген жерден екінші бесжылдық басталды. Ал енді ол туралы Қазақстанда қазір ашық айтуға болмайды. Оның үстіне, сол кезде Исекешевтің лауазымы төмендей бастады.

Кәрім Мәсімовтің екінші үкіметінде Әсет Исекешев вице-премьер лауазымынан айырылып қалды.

Жай ғана министр болып қалды ма?

Ия. Оның үстіне, «Бәйтерек» холдингі құрылды. Оның не бүлдіргенін қазір сотты болып жатқан Қуандық Бишімбаев пен оның командасының ісінен білерміз.

«Бәйтерекке» келген Бишімбаев бірден барлық кәсіпорындардағы менеджментті өзгертті. Әсет Орынтайұлы онымен таласпады. Оның көптеген кадрлары Келімбетов пен Ұлттық банкке қаша бастады. Министрдің өз министрлігіндегі жұмысына деген қызығушылығы азайғаны байқалды. Тіпті өз министрлігі Инвестиция және даму министрлігі болып қайта құрылды, көп саладан айырылып қалды.
https://kaz.365info.kz/nazarbaevtyn-sheshimi-bajbektin-bydan-kejin-khajda-bararyn-bilesiz-be-287442

Әкім болып не тындырды?

Жалпы, бір орында көп отырмайтын Әсет Исекешев «индустриалды» министрлікте қалайша 7 жылдай отырған дерсіз? Түптеп келгенде министрліктің сол 7 жылда түк те бітірмегені кейін ашылып қалды ғой? Ол аяқ жағында министрліктегі орынбасарлары Жеңіс Қасымбек, Асқар Жұмағалиев, Талғат Мұсабаевтармен сыйыса алмады.

Сол кезде Исекешевті бір жерге әкім етіп қою мәселесі қарастырыла бастады. Батыстағы облыстардың біріне барады-ау деген Әсетті президент бір күні күтпеген жерден Астананың әкімі етіп қойды.

Бірақ орынбасарлары сол баяғы адамдар ғой.

Ия, көмекшілері де, кеңесшілері де. Әділбек Жақсыбековпен бірге тек баспасөз хатшысы ғана кеткен. Бұл дегеніміз, қазір әкімдікті Әсет Орынтайұлы толық билеп-төстеп отырған жоқ. Ол өз бетінше ауыс-түйістер жасай алмайды. Жалпы, Қорғаныс министрлігі, Қорғаныс және ғарыш министрлігі және Астана әкімдігі әлі де Жақсыбековтың бақылауында деседі.

Осылайша, Исекешев әкімдікте саяси жетекші ретінде емес, жай ғана қала шаруашылығын басқарушы ретінде ғана отыр, өйткені өзінің командасы жоқ.

Енді Исекешев қайда барады?

Әсет Орынтайұлының әлеуметтік желіде парақшасы бар. Өзінше халықпен тілдесіп, араласып отырғандай болады. Астаналықтар өз әкімін жақсы көреді, ал алматылықтар астаналықтарға қызғанышпен қарайды деседі.

Өтірік шығар. Егер әкім әлеуметтік желіде әркімнің сұрағына тікелей өзі жауап беріп отырса, әкімдіктегі өз жұмысымен қашан айналысады? Бірақ енді әлеуметтік желіде тіркеліп, өзінің сонда отыратыны – жалпы, белгілі бір ұпай әкелетін іс. Жекелеген сұрақтарға тікелей өзінің жауап бергені жөн-ақ. Жалпы, шенеуніктердің фейсбукте отырғанын бәріміз қалар едік, бірақ оның да зиянды жағы бар. Өйткені олармен бірінші болып танымал «блогерлер» достасады да, содан кейін қоғамның пікірін қалыптастыру үшін жанталасатын аузы майланған «блогерлер» пайда болады. Бұл да жасырын емес. Министрлер желідегі пікір үшін ақша төлей бастайды. Сосын өзі туралы жағымды пікірлердің буына пісіп жүреді, сол жағымды пікірді өзі ақшаға сатып алып отырғанын ұмытып кетеді. Әлеуметтік желі – қазір пиардың құралы болып отыр. Исекешев — көп министрлер сияқты кәрі кісі емес, ол сандық технологиямен жақсы таныс.

Ал, елді улатып-шулатқан ЭКСПО да өтті. Исекешев енді басқа жерге бара ма?

Бізде бәрін президент шешеді. Әкім ретіндегі жұмысын бағалау қиын. Бірақ бізде барлық әкімге қатысты сын көп, сын жағынан Астана әкімінің де жетісіп тұрмағаны анық.

Астана – қиын қала. Ол көптеген құрылымдарға бағынышты. Ол күштердің кейде әкімдіктің шешімдеріне түкіргені бар.

Исекешев ұзақмерзімді жақсы идеялар айтуда, бірақ жоғарыда айтқанымдай, Астана әкімдігінің қол-аяғы байлаулы.

Ал енді Исекешевтің қайда баратынын айта алмаймын. Өзіне ерік берсең – оқуын жалғастырып, бизнеске кеткісі келетін сияқты.

Бұл жігіттің жұмыс істемеген жері жоқ, таланты мен тәжірибесін іске жарататын салалар толып жатыр. Сол себепті, оның енді қайда баратынын айта алмаймын.
https://kaz.365info.kz/ykhk-men-finpol-ali-zhaga-zhyrtysady-ashimbaev-286279

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз