Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
1
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

Қаралы күн қайда? Әлде депутаттар «рұқсатсыз сөйлеуден» қорқа ма?

223

Тек кеше Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қайғылы оқиға орнынан төбе көрсеткенін көрдік. Иә, ол қайтыс болғандардың туған-туыстарына көңіл айтты. Бірақ бәрібір бірдеме жетіспейді.

Осы елдің болашағын құратын – білімді, білікті, тепсе, темір үзетін азаматтар опат болды ғой.

Депутаттар неге үнсіз? Олар не дер екен?.. Ел болып халық қалаулыларының аузына қарап отырмыз.

Қазағым деген азаматтың бірі – Бекболат Тілеухан ұшақтарда қазақ әуені ойнасын деп салды. Онысы дұрыс та. Бірақ жазым болған балаларды ол неге айтпайды?…

Ақыры шыдамадық. Балалардың мерт болғаны туралы ақпараттың шыққанына – осымен үшінші күн.

Осы 3 күннің бірінде Парламент өз жұмысын, ең құрымағанда, 1 минут үнсіздіктен бастады ма?

Осыны білмек болып халық атынан сайланған халық қалаулыларының өздеріне телефон шалдық.

– Майра (Айсина) апай, сәлеметсіз бе? Алматыдағы қайғылы жайды білетін шығарсыз. Парламентте жұмыс істеп жүрсіз, содан бері 3 күннің бірінде жұмыстарыңызды үнсіздіктен бастаған кездеріңіз болды ма?

– Білесің бе, менің алдымда адамдар отыр. Бүгін – менің туған күнім. Басқа кезде хабарласасың ба?

Мардымды жауап ала алмаған соң „Жігіт сұлтаны„ бағдарламасына қатысып, қазақ жігіттерін жігерлендіріп жүрген Бақытбек Смағұл мырзаға хабарластық. Ең құрымағанда, қазақ жігіттерін жалмаған қайғылы жайтқа осы кісінің еті езіліп жатқан шығар десіп, жоғарыдағы сауалды оған да қойдық.

– …Мен қазір басқа бір жерде отыр едім. Кейін хабарласшы…

Ашуланып кеттік. Содан төтесінен тарттық. ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне хабарластық. Біздің сауалымызға тұтқаны көтерген қыз ресми түрде өте қысқа әрі нұсқа жауап қатты:

– Жоқ. Үнсіздік болған жоқ. Тура осы тақырыпта…

Міне, депутаттардың дауыс берген халқына деген қайырымы. Міне, мемлекеттік қызметкер ретіндегі этикасы. Міне, ақыры адамшылық деңгейі… Ал, дауыс беріңіз енді бұларға!

Иә, қойылған сауалға жауап бермей, бүгежектеп, қашқандарына қарағанда, өздері де ұялып кеткен сыңайлы…

Қалай дегенмен де, бұл жайтқа күймейсіз бе? Күйесіз. Жақында ғана мемлекеттік қызметкерлердің тәртібін қарайды деген кеңес құрылған. Осы мәселені қарасын. Тәртіптік кеңес деген атына лайық болсын. Өздері бас көтеріп, елдегі жайтқа көңіл білдіруді білмесе, оның жолын үйретсін. Мүмкін, бір тәртібін жасап берер. Білмейміз, бірақ бұл өте ұят нәрсе болды, енді…

Бүгін Алматыда қаралы ғимарат алдында гүл шоғын әкелушілер қарасы көп. Көбісі өрт кезінде мерт болған студенттердің достары, курстастары, олар оқыған университеттің жастары және алматылықтар. Біз де, өз кезегімізде, иманды болсын дейміз!

Еске сала кетелік, 7-қарашада Almaty Towers бизнес ғимараты өртке оранып, дәнекерлеуші ер адамның қаза тапқаны жарияланған еді. Ертеңінде, 8-қарашада үйінділер астынан тағы 5 адамның өлі денесі табылған. Олардың барлығы осы нысанда жұмыс істеп жүрген алматылық студенттер болып шықты.

Батут құрастыру орталығында жалданып жұмыс істеген студенттердің екеуі Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық университетте, ал екеуі Қазақ ұлттық университетінде оқыпты. Бесіншісі, Асфендияров атындағы медицина университетінің 4-курсында білім алып жүрген. Төрт жігіт Оңтүстік Қазақстан облысының, ал тағы бірі — Алматы маңындағы Байсерке ауылының тумасы.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз