АҚШ-тың Time журналы “Оскар” сыйлығының лауреаты редактор ретінде жұмысқа қабылданғаны туралы хабарлады. Басылымның бас директоры Эдвард Фелсенталь Джолидің мақалалары босқындар мәселесіне арналатынын мәлімдеді. Басылым сайтында журналдың ресми қызметкері ретінде актрисаның алғашқы мақаласы шықты.
Оның “Біз босқындарға не бере аламыз?” атты алғашқы мақаласы 20 маусымда Дүниежүзілік босқындар күні жарияланды. Автор “неге бүгінде “босқын” сөзі теріс маңынаға ие болды” деген сұрақ қояды. Және неге адамдар шекараларды жауып, босқындарды қуып шығаруды уәде еткен саясаткерлерге дауыс береді? Джоли бүгінде босқындар мен мигранттар арасындағы түсінік саясиландырылып бара жатқанын айтты. Басқаша айтқанда,
саясат осы екі ұғымды саналы түрде араластырады. Өйткені қоғамдық пікірді манипуляциялау оңай
Джоли БҰҰ Босқындар істері жөніндегі агенттігінің өзі 40 млн еуропалықтар үшін құрылғанын еске салады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өз балаларын құтқарған адамдарға көмек көрсету үшін. Дегенмен, босқындарға қарсы шығып сөйлеген елдердің көшбасшылары бұл туралы ұмытып кетті. Олардың отандастары қайғылы тәжірибелерді бастан кешіргенде осы халықаралық қауымдастық көмектескен жоқ па еді.
Джоли гуманитарлық көмек туралы да сөз қозғады. Атап айтқанда, ол штаттар өздерін ірі донор деп атайды деп жазады. Бірақ, оның пікірінше, мақтаулы “америкалық жомарттылық” бұл тек көзбояушылық. Яғни қақтығыс елдеріне қажетті дипломатияны алмастыру.
Джоли тек гуманитарлық көмек бере отырып, соғысты аяқтауға болмайтынын жазады. Ол БҰҰ-ның ресми деректерін келтіреді. Мәліметтер бойынша, гуманитарлық көмекке мұқтаждықтың тіпті 50%-ы қанағаттандырылмайды. Мысалы, 2019 жылы БҰҰ Сирияға көмек көрсетуге қажетті қаражат көлемінің 21%-ын ғана алды. Ливанда бұл көрсеткіш 15% құрайды.
Анджелина Джолидің мәліметінше,
бүкіл әлемдегі босқындардың жартысынан астамы — балалар, ал 5-тен 4-і өздері қашып кеткен қақтығыспен немесе дағдарыспен шектесетін елде тұрады. Батыс елдеріне барлық босқындардың 1%-ға жуығы қоныс аударады
Ал, мысалы, халықтың үштен бірі кедей өмір сүретін Уганда өзінің аздаған қорын Конгоның миллионнан астам босқындарымен бөліседі. Яғни, босқындарға өздерінде ештеңесі жоқ елдер көбірек көмектесіп жатыр.
Мақалада келесі сандар келтірілген:
2001 жыл — “босқын” мәртебесіне 40 млн адам ие болды, бүгінде — 70 млн адам;
2018 жылы күн сайын 37 000 адам босқын атанып отырған.
Анджелина Джоли жазады:
“БҰҰ-ға мүше мемлекеттер ұйымның құралдары мен стандарттарын өздеріне ыңғайлап қолданатыны қайғылы шындық. Мемлекеттер іскерлік және сауда мүдделерін қақтығысқа ұшыраған еш кінәсіз адамдардың өмірінен жоғары қояды. Сондықтан біз шаршаймыз немесе көңіліміз қалады. Және елдерде жағдай тұрақтанғанға дейін қарайласпаймыз”.
Соңында Джоли иллюзияның қаупі туралы айтады. Елдер өз шекарасын жауып қойсам болды, босқындар мәселесі өзі шешіледі деп ойлайды. Ол тиімді дипломатия мен барлық өмір сүретін адамдардың құқықтарын сақтау негізінде әлем құруды ұсынады. Қазіргі жағдайда бұл күрделі болғанымен, қажетті жол.
Себебі ертең кез келгеніміз босқын атануымыз мүмкін
Осы жылдың сәуір айында Time журналының бетінде Анджелина Джолидің мақаласы шыққан болатын. Ол Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудағы әйелдердің рөлін күшейту идеясына арналған. Мақала сарапшылар мен журнал оқырмандарының арасында үлкен резонанс тудырды. Сондықтан, журнал осы жетістіктен кейін Джолиді редактор ретінде тұрақты жұмысқа алуды ұсынған.