Біз Вилли Махердің естеліктерін жариялауды жалғастырамыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де алмасу бағдарламасы бойынша білім алып жатқан америкалық студент Алматы мен қала тұрғындарының оны таңғалдырған тұстары туралы айтады.
Маған бұл сұрақты бірінші рет қойғанда, мен ұзақ ойландым. «Мүмкін менің денемнен бір иіс шығып тұрған шығар?» деп ойлап, «Мен кеше ғана душқа түскен едім…» деп жауап бердім.
Бірақ кейіннен, ол адамның менің түп-тамырым — ата-бабам қайдан екенін сұрағанын білдім. Бұл жерде, менің америкалық екенімді білгенде, осы сұрақты жиі қояды. Америкада маған ешқашан бұндай сұрақ қойған емес. Бұл қазақ мәдениетінде ата-баба мен отбасының маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Мен ата-бабамның қайдан екенін білмейтінім үшін ұяламын.
Қазақстандық және америкалық үйлену тойларының арасында үлкен айырмашылықтар бар. Бірақ ең бастысы — қонақтардың саны.
Америкада тойға 500 адам келсе, басқалар онда той емес, көтеріліс болып жатыр деп ойлап қалатын шығар!
Тойға келген 500 адамның бәрі тілек айтады екен. Менде айттым. Бұл сәтті мен өмір бойы ұмытпаймын. Барлық 500 адам менің «Той құтты болсын» дегеннің орнына «Той суникти болсын» дегенімді естіді. Сондай-ақ бұл той өткеннен кейін, қарным тойғаны соншалық бір апта бойы тамақ іше алмадым.
Мен бұл елде кезекке қалай тұру керек екенін білмеймін. Мен жазылмаған бір ережені бұзып тұрғандай боламын. Кезекке тұрған
апалар Хабиб Нурмагомедовтен де күшті болып кетеді
Шынымды айтсам, мен олардан қатты қорқамын.
Америкадағы тағамдардың атауының бәрі түсініксіздеу. Мәселен, « Бөренедегі құмырсқалар» тағамына тапсырыс берсеңіз, сізге құмырсқалары бар бөрене әкелмейді. Сондай-ақ «Көрпенің астындағы торайлар» деген де көрпе жамылған торайлар емес.
Сондықтан мен «қойдың басы» дегенді естігенде, малдың басын көремін деп ойламадым. Бұл мен үшін таңғаларлық жайт болды. Бірақ малдың ешқандай мүшесін тастамай, қолданатыны жақсы екен. Мен тіпті қойдың миынан да ауыз тиіп көрдім. Бір ыңғайсыз жағдай болды…
«Қазақстанда басы жоқ қойлар көп пе?» деген сұрағым, әзірге Алматыда қойылған ең ақымақ сұрақ болды.
Менің ойымша, америкалық жастарға қарағанда қазақстандық жастар айтарлықтай аз ішеді. Бұл ислам дінінің ықпалынан болар. Бірақ! Мақаланы оқып отырған америкалықтарға айтатын аса маңызды кеңесім бар! Егер осы жақтың тұрғындары сізге «түбіне дейін алып қой» десе, ешқашан келіспеңіз. Америкалықтар бұндай көлемдегі ішімдікті іше алмайды.
Бұндағы бейтаныс адамдар сізге ойына келген сұрақтың бәрін қоя береді, соның ішінде «Сен үйленгенсің бе?» деп сұрауы мүмкін. Америкада бейтаныс адамдарға бұндай сұрақты қоя бермейді. Мен енді ғана 22 толдым. Америкада бұл жастағы адамдар тым жас деп есептеледі және үйленбейді, ал Қазақстанда ол нағыз үйленетін жас екен.
Әрбір екінші күні мен үшін бір сиырды сойып жатқандай. Кейде маған жергілікті диетаның 75%-ы еттен тұратындай көрінеді. Бұған қатысты айтарым жоқ, мен етті жақсы көремін, Америкада да жиі жеймін. Бірақ менің америкалық және алматылық ас мәзірімді салыстыратын болсақ, мен АҚШ-та вегетариан болған екенмін. Бұл жақтың еті, әсіресе жылқының еті өте дәмді.
Америкалықтар адамдардың жеке өмірін аса құрметтейді, мен де сондаймын. Бірақ мұндағы адамдардың бәрі маған жақынырақ болуға тырысады. Қазақстан үлкен ел ғой. Жер бәріне жетеді.
Әрине, Қазақстанда жол ережесі бар, бірақ менің ойымша жолаушылардың көбі бұл туралы біле бермейді. Біз жақта да есінен адасқан жүргізушілер бар, бірақ мен онда өз өмірім үшін алаңдамайтын едім. Қазір бес ай өткенен кейін, алғашқы күндермен салыстырғанда менің психологиялық жағдайым әлдеқайда жақсарып қалды. Машинаға отырғанда бұл менің соңғы сапарым шығар деп қорықпайтын болдым. Дегенмен мен Алматыдағы алғашқы күндерімді ешқашан ұмытпайтын шығармын. Біз әуежайдан келе жатқанда
«Менің тірі қалуым екіталай. Қазақстанда ең болмаса бір-екі ай да өмір сүрмедім» деп ойладым
Мен жергілікті отбасымен бірге тұрамын (олардың есімі Нұрайна мен Ержан), олар әлемдегі ең тамаша адамдар. Олар мені өзімнің анамнан да жақсы тамақтандырады (ол қазақ және орыс тілдерін білмейді, сондықтан мен оны ренжітіп аламын деп қорықпаймын), мен үшін уайымдап, кез келген сәтте қолдау көрсетеді. Мен құдды бір өз үйімде жүргендей сезінемін.
Алматыда да өзімді жайлы сезіне бастадым. Қазақстан мен менің отанымның арасындағы ерекшеліктерге қарамастан, өзімнің осы жерде оқып, өмір сүргенім үшін қуаныштымын.