Алматыда 68 жастағы зейнеткер Светлана Суходольская алаяқтардың құрбаны болып, екі бірдей пәтерінен айрылды. Барлығы бір телефон қоңырауынан басталған. Кешкі уақытта оған өзін коммуналдық қызметкер ретінде таныстырған әйел қоңырау шалып, электр есептегіштерді ауыстыруға қатысты ақпарат сұраған. Зейнеткерге «1414» нөмірінен келген растау кодын айтуын сұрап, бұл зейнеткерлерге арналған тегін қызмет деп сендірген. Светлана еш күмәнданбастан кодты айтып береді.
Сол күні зейнеткер екі пәтерін сатып, 45 миллион теңге ақшаны қолма-қол алған. Кейін өзін ҰҚК қызметкерімін деп таныстырған тағы бір алаяқ бейнеқоңырау шалып, Елтаңба фонын қойып, костюм киіп, әйелді толық сендірген. Әйелге «ақшаны инкассаторға беріңіз, оны қауіпсіздік шотына аударамыз, кейін пәтерлеріңізді қайта аласыз» деп уәде етеді. Зейнеткер бар қаражатты қолма-қол ұстатады.
Кейінірек өзін «Ұлттық банк қызметкерімін» деген тағы бір адам хабарласып, «алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдеуі мүмкін, соны алдын алу үшін өзіңіз несие алып, лимитті жабыңыз» деп кеңес береді. Зейнеткер банкке барып, несие алмақ болады, бірақ өтініші мақұлданбайды. Сол сәтте ғана өзінің алаяқтарға алданып қалғанын түсінеді.
«Кейін олар пәтерді қайта сатып алып, менің атымнан рәсімдеуді тоқтатты. Сол кезде ғана өзімнің алаяқтардың құрбаны болғанымды ұқтым. Бұл бір психологиялық қысым секілді, мүмкін гипноз да болған шығар. Сау басыммен не істегенімді түсінбей қалдым. Олар не айтса, соның бәрін жасай беріппін», — дейді Светлана Суходольская.
Қазір бұл жағдай бойынша Алматы қалалық полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр. Екі пәтерге сот шешімі шыққанға дейін бұғат қойылған. Алаяқтардың бірі ұсталды, қалғандарын анықтау жұмыстары жалғасуда.