Оңтүстік астананың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің басқаруымен арнайы топ ашылған кәсіпкерлік нысандарға санитарлық рейд жүргізді.
Топ бірінші кезекте орталық универсамға бет алды. Мұндағы кейбір сатушылар қолғапсыз жұмыс істегені, кіре берісте санитайзерлер, тепловизорлардық қойылмағаны, сондай-ақ сөрелердегі нан-тоқаш өнімдерінің қапталмағаны анықталды. Көк базардан да осындай кемшіліктерді көруге болатын еді, мұндағы тепловизорлар жұмыс істемей тұрды, бұл санитарлық талаптардың өрескел бұзылуы.
— Барлығын тәртіпке келтірулеріңізді сұраймын. Мұнда қатарлар мен өтпе жолдар бойынша бір жақты қозғалыс болуы тиіс. Бір бөлмеде қанша адам болу керегін анықтап, адамдардың топ болып жианлуының алдын алған жөн. Дезинфекциялау тоннельдерін орнату керек. Сіздерде тепловизорлар жұмыс істемей тұр, бұл тәртіпке сай емес, мұндай жағдайда резервтік тепловизорлар болуы тиіс. Мен мұны өрескел бұзушылық деп санаймын, — деп атап өтті Бекшин.
Комиссия өкілдері келушілер ғимаратқа кірер алдында антисептиктерді пайдалануы тиіс және күзетшілер осы туралы барлығына ескертуі қажет деп атап өтті. Сұлулық салондарының қызметкерлері санитарлық норма ережелерімен толық таныспаған.
— Қызметкерлер бетпердені қанша уақытта бір ауыстыру керегін білмейді, олар 20 минут сайын ауыстыру керек деп жауап берді, алайда әр 2-3 сағат сайын жаңа бетперде кию қажет. Сондай-ақ, олар ауыз бен мұрынды толығымен жабуы керек. Кіре беріске санитайзерлер қойып, шеберлер арасындағы қашықтық 1,5-2 метр болуы керек, — деп түсіндірді санитарлық дәрігер.
Түрлі объектілерде анықталған бұзушылықтар хаттамаға енгізілді
— Айыппұл көлемі төрт миллион теңгеге дейін жетеді. Егер айыппұл бір аптаның ішінде төленсе, онда сома 50%-ға дейін азаяды. Барлығы бизнестің қай санатына, шағын, орта немесе ірі бизнеске жататынына байланысты, — деді Бекшин.