Алматыдағы «Ахляқ» балабақшасының қожайыны әлеуметтік желіде өзіне қарсы ақпараттық шабуыл басталғанын мәлімдеді. Бұл балабақшада болған жантүршігерлік оқиға қоғамда қызу талқыланғаннан кейін жасалды.
Еске сала кетейік, осы балабақшада тәрбиеші бүлдіршінді тұншықтырып, тепкен. Сол сәтте бөлмеде тағы екі қызметкер болғанымен, олар жағдайға мән бермей шай ішіп отырған.
Балабақша қожайыны Әмина Юсупбаева тергеу басталғаннан кейін әлеуметтік желідегі барлық аккаунттарын жауып, тек өзіне оң пікірлер қалдыруға болатын бір парақшаны ғана ашық қалдырған.
«Тергеу барысында барлық аккаунттарымды жабуға тура келді. Айтар сөзім жоқ болғандықтан үнсіз отырған жоқпын, жай ғана алгоритмдер іске қосылып, ақпараттық қысым басталғанын көріп тұрмын. Қазір әр сөзім бұрмаланып жатыр», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Алматыда төрт жастағы бүлдіршінді ұрып-соғып, тұншықтырған атышулы жекеменшік балабақша мүлдем тіркелмеген болып шықты. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Егер қызметкердің кінәсі дәлелденсе, оған ірі көлемде айыппұл салынуы немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.