Алматыда жаңа жыл қарсаңында базарлар мен дүкендерде үлкен кезек түзіліп, дүрбелең пайда болды. Желіде «Алтын орда» базарындағы көпірде адамдардың бір-бірін таптап кете жаздаған видеосы тарады.
Бұл жолы көліктер емес, жаяулардың өзі кептеліс жасаған. Тұрғындар жаңа жылға сыйлықтар мен петардалар, азық-түліктерді жарыса алып жатыр. Бейнеге пікір қалдырған оқырмандар жаңа жылда жаппай базар аралайтын адамдар туралы түрлі пікір жазды.
«Кеше сүт алуға дүкенге барсам, адамдар арбаларына азық-түлік толтырып алыпты. Неге ысырап жасайды? Жегің келсе, жаңа жылды күтпей-ақ жей бер. Көпірді құлатып кетпеңдер, ол бізге керек. Таңертең ерте барып келгеніміз жақсы болған. Мына жерде ине шаншар жер жоқ қой… Ақша жоқ деп алып, артынан жаңа жылды тойлайтын халықпыз», – деп жазды желі қолданушылары.
Желі қолданушылары 31-желтоқсаннан кейін де өмір бар екенін айтып, қынжылыс білдірген.
«Халқым, 31-і өмір біте ме?», «Жаңа жылда сонша тамақ алу не әдет?», «Бұл мерекеде тек сатушылар пайда көреді», «Алматыда тіпті жаяу жүргіншілерде кептеліс» деп жазды желідегілер.