Алматы қаласында Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институтының 120 жылдығына арналған «Қазақ ветеринария ғылымына 120 жыл: биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетістіктер мен жаңа міндеттер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Іс-шараға Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстаннан және Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропа елдері, Беларусь, Грузия, Тәжікстан секілді шет мемлекеттерден келген ғалымдар мен сала мамандары қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты — ветеринария ғылымы мен тәжірибе арасындағы байланысты нығайту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, биологиялық қауіпсіздік пен инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған стратегиялық басымдықтарды айқындау.
Пленарлық отырыстар барысында отандық және шетелдік сарапшылар ғылыми баяндамалар жасап, ветеринария ғылымының болашақ даму бағыттарын қарастырды. Талқыланған тақырыптар қатарында:
• жануарлар ауруларын диагностикалау, алдын алу және емдеу;
• биологиялық қауіпсіздікке қатысты биотехнологиялық жаңалықтар — зерттеуден өндіріске дейін;
• молекулалық биология және микроорганизмдер геномикасы арқылы биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
• ветеринариядағы пәнаралық ғылыми тәсілдер болды.
Сонымен қатар, конференция аясында ғылыми жетістіктер көрмесі ұйымдастырылып, институт тарихына арналған мерейтойлық кітаптың тұсауы кесілді.
1905 жылы негізі қаланған Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты — Қазақстандағы ең көне ғылыми мекемелердің бірі. 2023 жылдан бері институт ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «QazBioPharm» ұлттық холдингінің құрамына енген.