Алматыдағы №118 мектеп-гимназиясында дене шынықтыру сабағы өтіп жатқан кезде бесінші сынып оқушысы қайтыс болды.
Бұл туралы қалалық білім басқармасының өкілдері мәлімдеді,деп хабарлайды Tengrinews.kz .
Ведомство мәліметінше, 13 жастағы Алексей Халилов 16 сәуірде дене шынықтыру сабағына денсаулық жағдайына байланысты бармаған.
“Ол дәлізде болды, спорт залының кіреберісінде, бала дене шынықтырудан босатылғандардың орындығында отырған. Кенет Алексей әлсіреп, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, мектептке жедел жәрдем шақыртылды”, – делінген релизде.
“Сынып жетекшісі баланы қарату керектігін айтып, ескерткен, алайда әжесі емханаға барып, тексерістен өтіп жүргенін айтқан. Атасы А.Р.Нартовтың айтуынша, Алексейдің қан тамырларының өткізгіштігі нашар болған. Медициналық картадағы жазбаға сәйкес, бала 2014 жылдан бері есінен танып қала берген, жүйке жүйелері дәрігеріне қаралып жүрген. Ол мектепте соңғы рет 2017 жылдың желтоқсанында есінен танып қалған, дәрігер оған ем жазып берген”, – деді Алматы қалалық білім басқармасының өкілдері.
Қазіргі уақытта Алматы қалалық Жетісу аудандық Ішкі істер басқармасының өкілдері тергеу шараларын жүргізіп жатыр.