Алматыда айғайдың көкесі енді басталайын деп тұр. Жолдарды кеңейтіп, көшелерді ұзартамыз деген қала билігі жерлер мен баспаналарды мемлекет меншігіне күштеп өткізбек.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Алайда, тұрғындарды ашуландырған ол емес. Берілетін өтемақыға көңілдері толмай отыр. Қысқасын айтқанда, өтемақыны оңдырмаса, орынымыздан қозғалмаймыз дейді.
Уәкілетті орган ағалаушылары Ирина Бобылеваның үйін тозығы жеткен деп, құнын 22 миллион теңгеге бағалап кеткен. Сол сомаға баспана тұрған 6,5 жүздік жер қоса кірген. Ал тәуелсіз бағалау жүргізген отбасы өз меншігін 65 миллион теңгеге бағалап отыр.
Мамандар елімізде меншік иесінің құқықтарын қорғайтын заңдардың солқылдақ екенін алға тартуда. Заңгер Василий Резванның айтуынша, мемлекет мұқтажына қажетті мүлік өтемақысы соңғы сатылған бағасына негізделеді екен. Егер үй 80-ші жылдары 4 теңгеге сатылған болса, өтемақы сомасы да сол 4 теңгеден ары аспайды дейді ол. Егер үй бұрын соңды келісімшарт жасалып сатылмаса, онда бағалаушылар баспананы кадастырлық құнмен есептейтін көрінеді. Ал оны тендер арқылы белгіленген уәкілетті орган бағалаушылары ғана анықтауға құқылы. Нәтижесінде есептеліп шыққан соманы меншік иелері азсынып отыр.
“Әкімшілік жазбаша түрде қалада сендерге берер жел телімдері жоқ -деп жауап берген. Ал меншік иелері сатылуға шығарылған мұндай жерлердің бар екенін анықтаған. 6 жүздік жер алды ма, 6 жүздік жер қайтарсын. Ал оның қанша тұратынында біздің жұмысымыз жоқ”, – заңгер Василий Резван.
Тәуелсіз бағалаушылар болса, мемлекет мұқтажына алынатын мүлік Жер кодексі мен азаматтық кодексте нарықтық құнмен есептелсін деп көрсетілсе, мемлекет мүлік туралы заңда кадастрлық құнмен және қоса шығындарымен бірге бағалансын деп жазылған. Дәл осындай сәйкессіздіктер тұрғындарды адастырып, ақшаларынан қағуда дейді.
“Мемлекеттен жеке меншікке ауысқан кезде, кадастрлық құнмен анықтап, мемлекеттік меншіктен жеке меншікке ауысады. Ал енді бұл жердегі сұрақ жеке меншіктен мемлекет мұқтажына алып қою мақсатында. Бұл жерде нарықтық, нарықтан тыс құнын, бүкіл шығындарын қоса бағалау керек. Ал мемлекет бұл жерді кадастрлық құнмен алғысы келеді”, – дейді тәуелсіз бағалаушы Сандуғаш Сауранбай.
Өтемақыға наразы тұрғындар енді сотқа жүгініп, шығын көлемін сол жерде дәлелдеуге бел буып отыр.