Бүгін Алматыда КИМЭП университеті базасында «Болашақ» қауымдастығы «Bolashak Business» форумын өткізді. Оның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты.
Форумның арнайы қонағы ретінде SPRING компаниясының президенті Филипп Йео шақырылды.
Форумның мақсаты – жас кәсіпкерлер, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары мен тәжірибелі кәсіпкерлер және мемлекеттік органдар өкілдері арасында өзара ынтымақтастық алаңын қалыптастыру.
Форумға барлығы 400-ге жуық адам қатысуда.
«Болашақ» бағдарламасының түлектері – талантты жастар. Елбасы саясаты мен мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржының арқасында олар жаңа биіктерге көтерілуде. Қазір ел алдында әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Бұл үшін мықты бизнес қажет. Ал мықты бизнес, бұл – өз құқығын қорғай алатын бизнес. Бүгінде елімізде бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан, біз ел дамуына үлес қосуымыз қажет. Барлығы адами капиталға байланысты. Бұл жерде «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне көп үміт артылады. Бүгінде түлектеріміздің әр түрлі стартап жобалар жасап жатқаны мені қуантады», – деді қала басшысы.
Шара аясында «Бизнес және адами капитал: қазіргі ахуалдағы сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер» деп аталатын сессиясы, «Bolashak Business Fair» көрмесі және қазақстандық және шет елдік белгілі кәсіпкерлердің шеберлік сыныптары өтіп жатыр.
«Bolashak Business Fair» көрмесінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері «Adili», «Almacloud», «Red Dragon», «Scoopers», «ZeroToOneLabs.com», «Golden Eagle», «FitnessBlitz» секілді өз брендтерін ұсынды.