Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Алматы облысының әкімі бастаған делегация солтүстік өңірде болып, тәжірибе алмасып қайтты

Жетісулық қонақтар бірінші кезекте Сол­түстік Қазақстан облысы орта­лы­ғын­дағы Green park демалыс кешенімен та­ныс­ты деп хабарлады „Айқын„ газетінің осы өңірдегі тілшісі Болат Абаған.

Былтырғы желтоқсанда қала­лық­тар мен шаһар қонақтары үшін есігін ай­қара ашқан Green park демалыс ор­нын­да монша, амфитеатр, балалар ойын алаңы орналасқан. Ал қыс айларында мұн­да келушілерге шаңғымен, конькимен сыр­ғанауға арналған арнайы орындар қыз­мет көрсетеді. Демалыс орнының көр­кіне көз тойғызып, үлгі алар тұстарына үңіл­ген делегация Спорт сарайының жұ­мысымен танысуды да ұмыт қалдырған жоқ. Жеңіл атлетика манежі мен мұз алаңы­ның жабдықталуына баса назар ау­дар­ғандар солтүстікқазақстандық спорт­шылардың дайындық барысына да көңіл бөліп, үйренер тұстарға үңілді.

Конференция залында қос облыс ат­қамінерлерінің екіжақты кездесуі өтті. Қо­нақтарды қарсы алған өңір басшысы Ерік Сұлтанов өңіраралық қатынастардың маңызына тоқтала келе, өзі басқаратын об­лыстың бүгінгі жетістігі мен болашаққа бағ­дарланған жоспарлары жайында баян­дады.

– Аймақтар арасындағы осындай кез­десулердің барлық тарапқа табысты әрі нәтижелі болары анық. Бүгінгі жүз­де­су нәтижесінде, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстары арасындағы екі­жақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталатынына сенімдімін. Өткен жылы біз Қазақстанның барлық өңіріне 39 млрд теңгенің өнімдерін тасымалдадық. Шамамен, осындай мөлшердегі өндіріс тауарлары республика өңірлерінен бізге жеткізілді. Мұндағы Алматы облысының үлесі де қомақты. Дегенмен, Жетісудағы өн­дірістік кәсіпорындарымен ынты­мақ­тастық әлі толық реттелмегені рас. Бүгінгі кездесу кәсіпкерлер арасында іскерлік бай­ланыс орнатуға мүмкіндік беретінді­гі­не қатысты үміт үлкен. Ауыл шаруашы­лығы саласында да өзара алыс-берістің, үйрену мен үлгі алудың тамаша мүмкін­дік­тері бар. Біздің өңір тек қана өсімдік шаруа­шылығы ғана емес, мал шаруашылы­ғы, қайта өңдеу саласында да үлкен әлеует­ке ие, – деп атап өтті Ерік Хамзаұлы.

Алматы облысына Солтүстік Қазақ­стан облысынан кондитерлік, нан-тоқаш, макарон өнімдері, сондай-ақ теле-радио қабылдағыштар тасымалданады. Былтыр солтүстіктен тасымалданған өнімдердің ақ­шалай көлемі 3711,9 млн теңгені құра­ды. Биыл Алматы облысына 7,6 мың тон­на астық және бұршақ дақылдары, 113 тон­на тұқым жеткізілді.

Сөз кезегін алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жетісу өңірінің бары мен жоғын түгендеп, ауыл шаруа­шы­лығының артықшылықтары мен өнер­кәсіптегі өрлеулер жайында айтып өтті.

– Біз майбұршақ, жүгері, қант қызыл­ша­сы сияқты дақылдар өндірісінде көш басында тұрмыз. Облыстағы қант зауыт­та­рын қалпына келтірдік. Биыл 6,8 гектар жерге қызылша отырғыздық. Одан жина­лат­ын өнімді қайта өңдеуден өткізу нәти­жесінде 22-24 мың тонна қант алуды жос­парлап отырмыз. Бұдан бөлек, алма бақ­тарын да қайта дамыттық. Біз қос об­лыстың өзара тиімді іскерлік байланы­сының, ырысты ынтымақтастығының көп­теген мүмкіндігін көріп отырмыз, – де­ген Алматы облысының басшысы өзі басқаратын өңірде фармацевтика, ак­кумулятор өндірісі, шағын және орта биз­нес, мал шаруашылығы мен туризм са­лаларының жақсы дамып келе жат­қанын да жан-жақты атап өтті.

Солтүстік Қазақстан облысының ин­дустриалды-инновациялық даму бас­қар­масының басшысы Жанат Сәдуақасовтың баяндамасына қарағанда, қос облыстың іскерлік байланысын дамытуға қатысты үлкен мүмкіндіктер бар. Оның айтуынша, Сол­түстік Қазақстанда бәсекеге қабілетті зауыттар мен кәсіпорындар қатары бар­шылық. Қазіргі кезде екі өңір арасындағы тауар айналымы – шамамен бес миллиард теңге. Солтүстіктегі өндірістік кәсіпорын­дар Жетісу жеріне машина жасау, металл өң­деу саласының өнімдерін жеткізуге дайын. Қызылжар өңірінің ауыл шаруа­шы­лығы құрылымдары мен өңдеу кәсі­порындары Алматы облысына картоп, жұ­мыртқа, ұн, макарон өнімдерін, ірім­шік, май, шұжық тасымалдап келген және ал­дағы кезде оның көлемін арттыруға әзір.

Тақырыпты Алматы облысының кәсіп­керлік және индустриалды-инно­вациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұрат жалғастырып, облыстың 30-дан астам өндірістік кәсіпорны өз өнімін Солтүстік Қазақстан облысына жеткізетіндігін, ал ол жақта шығатын 40-тан астам тауар түрі Алматы облысына тасымалданатынын айтты.

– Біз өңіраралық қатынастарды дамы­туға, Алматы облысы мен Солтүстік Қа­зақстан облысында өндірілетін өнімнің бар­лық түрі бойынша кәсіпкерлер ара­сында өзара сұхбат алаңын құрып, тә­жірибе алмасуға, тиімді келісімдер жа­сауға барынша қолдау көрсетеміз, – деді М­аржан Мұрат.

Өндірісті дамыту мен ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу саласындағы ынтымақтастық жөнінде солтүстікқазақ­стан­дық «Сүтөнімі» ЖШС директоры Роза Сүлейменова мен Алматы облы­сы­ның Балқаш ауданындағы «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы Жақ­сы­лық Үшкемпіров өз ойларын ортаға салды. Кездесу соңында екі тараптың рес­ми өкілдері ауыл шаруашылығы, кә­сіп­керлік, сауда-экономика, ғылым мен техника және өзге де салалар бойынша алты келісімге қол қойды.

Солтүстік Қазақстан облысының әкі­мі Ерік Сұлтанов бұқаралық ақпарат құрал­дарына берген сұхбатында Алматы облысының өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм саласындағы әлеуетінің басқа өңірлерге қарағанда жоғары екенін қадап айта келе, өзара іскерлік ынтымақтас­тық­тың екі жаққа да пайдалы болатындығына сенім білдірді.

Амандық Баталов болса қос өңір ынты­мақтастығын арттырып, екіжақты тауар айналымын жандандыру қажеттігіне ерек­ше тоқталып, жетісулық кәсіпкер­лер­дің Солтүстік Қазақстан облысындағы өн­дірістік кәсіпорындарға жүгеріден алы­натын сірне немесе талдықорғандық ак­ку­муляторларды және басқа да заттарды та­сымалдауға, ал солтүстіктен Алматы облысына ұн жеткізуге қатысты зор мүм­кіндіктер пайда болатындығын айрықша атап өтті. Сонымен бірге, жетісулық шаруа­лардың Қызылжар өңірінде құрас­тырылатын ауыл шаруашылығы тех­ни­каларына мұқтаждығын да еске салды.

Екіжақты ынтымақтастықтың ірге­тасын бекітіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын жүздесуден соң жетісулықтар Сол­түстік Қазақстан облысының эконо­ми­касын өрге тартып тұрған кәсіпорын­дар­ды аралады. Бірінші нысан «Қаз­Тех­Маш» машина жасау зауыты» ЖШС бол­ды. Мұнда ауыл шаруашылығы техни­ка­лары, соның ішінде SAMPO Asia ком­байн­дары, шөп шабатын машиналар, тір­кемелер, тырмалар, сұрыптауыштар құрас­тырылады. «ҚазТехМаш» машина жасау зауытында шығарылатын ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы қолжетімді екені қонақтарды қызық­тыр­ды.

 

«Петромали компани» ЖШС-на бас сұққан Алматы облысының делегациясы астық өңдеу мен ұн өндіру барысымен танысты. Кәсіпорын айына 2 мың тоннаға дейін ұн шығара алады және өз өнімін елі­міздің басқа өңірлерімен бірге Қыр­ғыз­стан, Ресей, Ауғанстан сияқты шетел­дерге де тасымалдайды.

«Зенченко және К» сенім серіктестігі мен «Қазетөнім» ЖШС кәсіпорындарын­дағы «СҚО-да жасалған» маркалы түрлі өнім де делегация мүшелерінің назарын аударды.

2014 жылы инвесторлар салған 8 млрд теңгенің нәтижесі болып саналатын «ТНС-Экспорт» ЖШС жұмысы да жеміс­ті екен. Астық қабылдау, кептіру, сақтау, тиеу және жөнелту қызметтерімен айна­лы­сатын кәсіпорынға биыл 30 мың тонна астық әкелініпті. Алдағы кезде Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей мемлекет­теріне экспортталады екен. Болашақта мұндағылар тағы май экстракциялық зауытын салу жоспарлап отыр.

Жетісулықтар «Абылай хан рези­денция­сы» мұражай кешенінде болып, қазақтың ұлы ханының рухына тағзым етті, қазақ мемлекеттігінің нығаюына үлкен үлес қосқан тарихи тұлғаның елі үшін еткен өлшеусіз еңбегі мен ерлігі жай­лы және ғимарат туралы ақпаратқа қанықты. Н.Погодин атындағы орыс драма театрының 130 мерейтойлық мау­сымының салтанатты ашылуына қа­тыс­ты.

Жетісулықтар солтүстіктегі сапардың екінші күнін тұтастай Қызылжар ауда­нындағы Новоникольское ауылының аумағына орналасқан «Зенченок және К» сенім серіктестігінің тірлігімен танысуға арнады. Асылтұқымды жылқы мен сиыр өсіріп, ет және сүт өнімдері өндірісін және өнімдерді сатуды жолға қойған шаруашылықтың басшысы туған ауылын көркейту мен дамытуға қомақты қаржы салу арқылы елінің ризашылығына бө­леніп, өскен өңірінің өркендеуіне үлкен үлес қосып, кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін танытуда да тек жақсы жағынан көрініп келеді екен.

Геннадий Зенченко мырза өзінің есе­бінен ауылында амбулатория, шіркеу, мұз алаңы, мәдениет үйі сынды нысандарды тұр­ғызып, жыл сайын жұмысшылары үшін үйлер салады екен. Дәл қазіргі кезде спорт кешені мен бассейннің құрылысы жүр­гізілуде. Ауылда бір жарым мың адам тұратын болса, солардың тең жартысы «Зенченко және К» сенім серіктестігінде жұмыс істейді. Бассейннің құрылысымен жан-жақты танысқан Амандық Ғаббасұлы серіктестіктің мал шаруашылығы кеше­ніне де барғанды жөн санады. Қонақтарды кешенде жылына 12 мың тонна сүт сауылатыны қызықтырды. Сиыр саууға арналған заманауи «Карусель» аппара­тымен бір мезетте 50 сиырды бірден саууға болады. Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, мұндағы жоғары көрсеткіштің кепілі – сауын сиырлардың тектік тұрғыдағы сүттілігі мен озық тех­нологиялардың өзара үйлесімділік табуы. Сонымен бірге, жұмысшылардың өз істеріне деген жауапкершілігі де өнімді­лікке оң ықпал тигізіп отырғаны анық.

Жетісулықтардың Солтүстік Қазақ­станға сапары қорытындысында екі тарап та өздері үшін пайдалы болатын бірқатар тәжірибелермен алмасып, бір-бірінен үй­ренерлері көптігіне көз жеткізді. Ал­дағы кезде өзара ынтымақтастықты барын­ша арттырып, өңірлердің әлеумет­тік-экономикалық дамуы мақсатындағы бай­ланысты кеңейтуге уағдаласты.

Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі балалардың күндізгі уақытын өздері үшін де, ата-аналары үшін де тиімді пайдалануына, денсаулықтарын түзетуіне арналған орталық ашылды.

Отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отыр­ған шаңырақтардағы ата-аналардың қо­лын ұзартып, мүмкіндігі шектеулі бала­лар­дың төрт қабырғада қамалмай, құрбы-құр­дастарымен араласып, білім мен тәрбие алуы­на жағдай жасайтын орталықтың алды­на керілген көгілдір лентаны қию құрметі об­лыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру жә­не әлеуметтік бағдарламалар басқар­ма­сының басшысы Қаныбек Айтжанов пен Қа­ратал ауданының әкімі Қайтар Бейсем­баев­қа бұйырды.

Бірінші болып сөз алған облыстық жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қа­ныбек Айтжанов соңғы жылдары мем­ле­кет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандар-ды қол­дау мен қорғауға қатысты әлеуметтік сая­сат барынша жетілдірілгенін, мүгедек­тер­дің қоғам өмірінен тысқары қалмауын қам­тамасыз ету бағытында үлкен істер атқа­ры­лып отырғанына тоқталды. Үштөбеде ашы­лып отырған орталық облыстағы осын­дай үшінші мекеме болып шықты және не­гіз­гі мақсаты – мүгедек балаларға барлық қа­жетті көмек пен қолдауды көрсету.

Ирина Байқазақова басқаратын аталған ор­талық бұрынғы Үштөбе балалар үйінің бір бөлігінде ашылыпты. Ғимаратты ағымдағы жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 26 миллион 967 мың теңге, жабдықтар алуға тағы 17 миллион 755 мың теңге бөлініп, то­лық игерілген. Күндізгі бөлім ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің биыл­ғы 16 наурыздағы бұйрығымен бекітіл­ген «Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына» сәйкес, мүмкіндігі шектеулі 60 балаға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-медициналық қызметтер көрсетеді.

Орталықта дәрігер, дефектолог, логопед, пси­холог, әлеуметтік қызметкер, мәдениет қыз­меткері, музыкалық жетекші, еңбек жә­не емдік дене тәрбиесі бойынша нұсқаушы, тәрбиешілер сынды 58 маман жұмыс істейді. Мекеме музыкалық жабдықтармен, тұр­мыс­тық құралдармен, қажетті жиһаздармен және мүгедек балаларға қажетті оңалту тех­ни­каларымен, ойыншықтармен толық жаб­дықталған. Алғашқы қабылданушылар өзде­ріне жасалып отырған жағдайға шын жүрек­тен қуанды. Олар үшін мұндағы қыз­меттің барлығы тегін, мемлекеттің толық қам­қорлығында болады. Балалардың ата-ана­лары жеткіншектерге жасалып отырған қамқорлыққа дән разылықтарын білдірді. Мүгедек балаларын арнайы орынға орналас­тырғандар енді жұмысқа орналасып, өзде­рінің отбасылық бюджетін арттыруға мүм­кін­дік алды.

Алматы қаласының іргесінде орналасқан Іле ауданы – облыстағы өндірісі барынша өркендеген аймақ. Осы ауданда орналасқан «БТК Групп» зауытының іргесі 1997 жылы қаланып, кәсіпорын араға бір жыл салғаннан кейін қызыл кірпіштің алғашқы легін шығара бастаған болатын.

Жылдар өтті, құрылыс қарқын алып, осы заманға лайықталған құрылыс мате­риал­дарына сұраныс барынша артты. Осы орайда зауыт жаңа жобаны жүзеге асыру­ды қолға алды. Жалпы құны 600 мил­лион теңге болатын жобаның қуаты 54 тонна газоблок өндіруге негізделген.

Іле ауданының Ащыбұлақ ауылында ор­наласқан зауыт биылдан бастап газоб­лок өндіруге кірісті. Газоблок шығару үшін ең алдымен құм, әк, гипс, цемент ке­рек. Бұл қоспаларды алыстан іздеудің қа­жеті жоқ, өз жерімізде де жетіп арты­ла­ды. Мәселен, цемент – Шығыс Қазақ­станнан, әк – Оңтүстік Қазақстаннан, гипс – Жамбыл облысынан, ал құм ірге­міздегі Қапшағайдан әкелінеді. Соған сай алыстан арбалауға тура келетін шетелдік шикізатты қажет етпейді. Демек, шағын зауыттың қанатын кеңге жая алатынына се­нім мол деген сөз. Зауыт жұмысшылары он ай ішінде 20 мың газоблок шығарып үлгерді.

Жиырма бес жұмысшысы бар «БТК Групп» ЖШС «Даму» кәсіпкерлікті қол­дау қоры арқылы 200 млн теңге көлемінде несие алып, қуатты құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Қытай-Германия техно­ло­гиясымен жұмыс істейтін аппараттардың құлағында ойнайтын маманданған сегіз инженер бар. Еңбеккерлердің орташа жа­лақысы – 80 мың теңге. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Алматы облысының өңір­лік коммуникациялар қызметі ұйым­дастырған көшпелі брифингте «БТК Групп» зауытының директоры Тоған Бо­та­беков айтып берді. Кезінде Мәскеуден білім алып, өзі қолға алған салада 40 жылдан бері тер төгіп жүрген басшы келе­шекте бұл зауыт көкжиегін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға ниетті. Таяу жылдары өндірістік қуатты толық пайдаланып, бүгінгі заманның басты құ­рылыс материалы газоблок өндірудің кө­лемін барынша ұлғайтпақ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз