Бүгін ОКҚ-де Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы таныстырылды.
Қауымдастық президиумына “Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорын” басқаратын Әлия Назарбаева жетекшілік етеді. Қор экология мәселесімен де айналысады, деп хабарлайды, деп хабарлайды Sputnik.
Қауымдастықтың қамқоршылық кеңесіне “жасыл экономика” бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, жасылдану концепциясының авторы Рае Квон Чунг енді.
“Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы жүйелі экологиялық бастамаларды құру және ілгерілету, “жасыл” экономиканы насихаттау алаңына айналып, ұлттың экологиялық этикасы мен мәдениетінің қалыптасуына, экологиялық білім мен тәрбиеге ерекше мән береді. Өзіндік реттеу қағидаттары негізінде экология проблемалары бойынша мемлекеттік органдармен етене байланыс орнату өте маңызды. Бізді қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Біз бірлесіп қана айтарлықтай маңызды нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Осы сәтті пайдаланып, қызығушылық танытқандардың барлығына есігіміз ашық екенін айтқым келеді. Барлық экологиялық ұйымды күш-жігерімізді біріктіруге шақырамын”, — делінген құттықтау хатта.
Экологиялық ұйымдар қауымдастығы өз алдына экологиялық бастамалар және оларды ілгерілету алаңын құру; халықаралық серіктестікті дамыту, инвестиция тарту, халықаралық жобалар мен бағдарламаларға қатысу, халықаралық сарапшыларды шақыру; “жасыл” технологияны енгізу, қалалардағы экологиялық инфрақұрылымдардың дамуы мен инновациялардың алға басуына үлес қосу; ҚР экологиялық мәселелер бойынша заңнаманы жетілдіру міндеттерін қойып отыр.