Димаш Құдайберген Франциядан оралды. Әнші ол жаққа нендей мақсатпен барғанын әзірге айтпай отыр. Дегенмен бұл жәй қыдырыс емес екенін әлеуметтік желідегі суреттерінен анық аңғаруға болады.
Парижде болған жаңалығымен Димаш Құдайбергеннің өзі әлеуметтік желіде бөлісті.
«Париждегі уақытым тез өтіп кетті. Көп кездесулер мен істердің басын қайырдық! Келесі кездескенше, Франция!.. Рақмет!» – дейді ол.
«Парижде біз сияқты асығыс жүретіндер үшін “мото-такси” қызметі бар екен. Рейске үлгермей жатқан соң осы қызметпен 15 минутта қаладан әуежайға келдік. Адреналин керемет! Бір сөзбен айтқанда мәзбіз. Айтпақшы, біз Францияда не істеп жүрміз? Сәл шыдаңыздар, жақын арада бәрін де білетін боласыздар! Жаңа жылда жақсы жаңалықтар көп болсын!» – деп жазады ол өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасындағы жазбасында.
Сөйткен Алпамыс Шаримов әйгілі Лаура Перголиццы мен Лара Фабианға көптеген ән жазып берген ақын-сазгермен бірге түскен суретін желіге жүктепті. Естеріңізде болса, Қытайдағы байқау кезінде атақты әнші Лара Фабиан Димашты кездесуге шақырған болатын. Соған қарағанда осы кездесу сәтті өтіп, тіпті екеуі орындайтын әннің мән-жайы талқыланып қойған секілді. Бұл жәй ғана біздің болжамымыз.
«Танисыздар ма? LP – Лаура Перголиццы – Американың танымал әншісі – Рианна мен Кристина Агилера, Шер, Backstreet Boys-тердің 90 пайыз әндерінің авторы. Жанды дауыста әлемнің танымал ареналарында көпшілік жинаған музыкалық тұлға. Селен Дионның “Ma faille”, Лара Фабианның “Love by grace” әндерін тыңдап көрсеңіздер, бұл жігіт – сол әндердің авторы. Флабиен – көптеген әлемдік xиттердің авторы. Көптен әлеуметтік желімен жақсы араласатын досыммен бүгін көрістік. Жақсы кездесу болды», – деп жазады Алпамыс Шәрім суреттердің тұсына.