Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында елімізде «Жасыл экономика» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «Жасыл экономика моделіне өту бойынша Қазақстанды қолдау» атты жоба бастау алғанына бір жыл болды деп жазады Айқын газеті.
Жобаға қомақты қаражатты құрайтын грант қарастырылып, еліміздегі бизнес жоспары су ресурстарының тиімділігін арттыруға бағытталған 14 мемлекеттік емес ұйымға берілді. Солардың бірі – «Алакөл табиғаты» қоғамдық бірлестігі «Инкубациялық цех құрып, Алакөлдің сазанын өсіру» жобасын жүзеге асыруға кіріскен.
Жақында аталған гранттың Қазақстандағы игерілуі барысын бақылауға жауапты «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ-нің баспасөз хатшысы Меруерт Абдалиева бастаған мамандар мен БАҚ өкілдері аталған қоғамдық бірлестіктің жұмысының барысымен танысып, инкубациялық цехта өсірілген сазан балықтың шабақтарын Алакөлге жіберді.
Жетісу жеріндегі Балқаш пен Алакөл, Қапшағай су қоймасы сынды үлкенді-кішілі көлдер мен арналы өзендерден ауланған балық мөлшері жыл өткен сайын азайып барады. Сонымен бірге, бағалы балық түрлері сирей бастаған. Ауланған балықтың тең жарымын табан балық құрайды және оның өзі бір кездегідей ірі емес, тым ұсақ. Қысқасы, кейінгі бірнеше жыл қатарынан жетісулық балықшылар облыс тұрғындарының балыққа деген сұранысын толық қанағаттандыра алмай келеді. Кеңес Одағы кезінде Алакөлден жылына 5 мың тоннаға дейiн балық ауланып, оның 90 пайыздан астамын сазан құраған деседі. Мамандардың айтуынша, балық шаруашылығын дамытудың әлем таныған екi жолы бар. Бiрiншiсi, балық шаруашылығына табиғи су көздерiн тиiмдi пайдаланып, балықтардың өздiгiнен өсiп-өнуiне жағдай жасау, екiншiсі, бүгiнгi заманауи отандық, шетелдiк озық технология мен ғылым жетiстiктерiн пайдалана отырып, индустриялық-инновациялық бағытта аса құнды балық түрлерiн қолдан өсiру. Соған сай жоғарыда аталған инкубациялық цехтің арқалайтын жүгі аз болмай отырған сыңайлы. Бүгінде аумағы 290 шаршы метр жерге салынған инкубациялық цех, тоғандық шаруашылық және тұйықталған сумен жабдықтайтын жаңа қондырғының арқасында жерүсті және жерасты суларын тиімді пайдаланып, сазан балықтың түр-түрін қолдан өсіруде. Игілікті жоба аз уақыттың ішінде әлеуметтің әлеуетін көтерумен қатар шалғай ауылдың тіршілігіне қан жүгірткенін көрдік. Қысқасы 69 мың доллар қаржымен қолға алынған жоспар 2018 жылға барғанда 69 миллион теңге пайда береді деп күтілуде. Олар алдағы уақытта балық шаруашылығымен қатар басқа да жұмыс көздерін ашуды жоспарлап отыр.