Талдықорғанда шаһар әкімінің орынбасарымен төбелескен кәсіпкер араға бір ай салып түрмеден босап шықты. Алматы облыстық соты қалалық инстанцияның үкімін өзгертіп, оны қоныс колониясынан бостандыққа шығарды. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Алмасбек Садырбаев қалған мерзімін шартты түрде өтейтін болды. Алайда бұл шешімге осы оқиғадан кейін қызметінен кеткен экс-шенеунік қарсы шықты.
“Құрметті судья, сізден қалалық соттың үкімін бұзбауды сұраймын. Өйткені Алмасбек Садырбаев бұрын да істі болғанымен, одан еш қорытынды шығармаған. Осы жолы да оның тәртібі түзеледі деп айта алмаймын. Мемлекеттік қызметкерді жұмыс кабинетінде ұрып-соғу деген не масқара? Олардың құқын сонда кім қорғайды?” – дейді жәбірленуші Асқар Тұтыбаев.
Қалған 11 айын енді шартты түрде өтемек. Естеріңізге салсақ, биыл жазда кәсіпкер жүн өткізгені туралы құжатқа қол қоймаған Тұтыбаевпен жаға жыртысып қалған еді. Сот Садырбаевты айыпты деп танып, жазасын бір жылға қоныс колониясында өтеуге жіберген болатын.