Ақтөбе облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлттық гвардияның арнайы жасағының жауынгерлерімен бірге жедел шара қолдану барысында қылмыстық топтың әрекетінің жолын кесті.
Полицейлер топ мүшелерінің Ақтөбе облысының барлық аумағында марихуана мен гашишті аса ірі мөлшерде тасымалдаумен, сақтаумен және сатумен айналысқанын анықтады. Аталған тұлғалардың қылмыстық әрекеті тіркелді, басқа да жасырын шаралар жүргізілді. Жүргізілген жедел іс-қимылдың арқасында тәртіп сақшылары есірткі сатушылардың ізіне түсті.
– Іс-шара жүргізілетіні туралы ақпарат таралып кетпеуі үшін тінту мен қамауға алу әрекеттері қаланың бірнеше мекен-жайы бойынша бір уақытта жүргізілді, – деп атап өтті Ақтөбе облысы ПД УПН бастығы Нұрлан Таушанбаев.
Сондай-ақ, қылмыстық топтың тағы үш мүшесі тұрғылықты жері бойынша ұсталды. Ұсталғандардың барлығы есірткі сатқаны үшін бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Полиция қызметкерлері барлығы 24 кг-нан астам марихуана мен 5 кг-нан астам гашиш тәркіледі.
Айта кетейік, қара нарықта есірткінің көрсетілген салмағының құны шамамен 27,2 млн теңгені құрайды.