Ақтөбеде ІІМ криминалдық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары сот алдында жауап беріп жатыр. Рахат Ахановқа «Ағайынды төртеу» тобының серкесі Еркін Ізбасарға қолдау көрсеткен деген айып тағылған. Бұл туралы КТК аранасы хабарлады.
Ұйымдасқан қылмыстық топ ішкі істер органдарынан өздерін жақтайтын бастықты іздейді. Ақыры Еркін Ізбасардың екі жігіті подполковниктің сеніміне кіріп алады. Сол кезде ол Ақтөбедегі ІІД бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Бірақ мұны Рахат Ахановтың өзі мойындамады. Ал есеп карточкасына түсіп отырған ақшаны өзімнің жинаған қорым деп ақталды.
Сондай-ақ, казино арқылы қолма-қол түсіріп алған 28 миллион теңгені пара емес, танысымның аманаты деп отыр. Өзінің құмар ойынға жылына бір рет соғып кететінін де сот процесінде жасырмады.