Ақтөбеде көпқабатты үй ауласындағы футбол алаңында бала жарақат алды. Оқиға туралы ақпарат жергілікті пабликтерде жарияланған. Мәліметке сәйкес, 12-шағын аудандағы №45 үйдің ауласында бекітілмеген футбол қақпасы баланың үстіне құлаған. Зардап шеккен бала ауруханаға жеткізілді.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы – «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету» бойынша іс тіркелгенін хабарлады.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы «Мой город» басылымына оқиғадан зардап шеккен баланың көпбейінді облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілгенін хабарлады.
«Баланың жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Қажетті медициналық көмектің барлығы көрсетілгеннен кейін ол амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберілді», – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.