Ақтөбеде Халықаралық қазақ-орыс университетінің басшылығы бір күнде 350 студентті оқудан шығарған. Бұл жаңалық студенттер үшін күтпеген жағдай болды. Оқудан шығару туралы бұйрық 18 наурызда шықса да, білім алушылар бұл туралы тек 26 наурызда ғана хабардар болған. Осы уақытқа дейін оларға ешқандай ескерту жасалмаған. Қазір студенттер мен ата-аналар министрліктен көмек күтуде. Студенттердің айтуынша, олар оқу орнымен келісімшартқа сәйкес қашықтан білім алған.
«Кураторым «Платонус» платформасы арқылы оқитынымды айтты, ешқайда келудің қажеті жоқ деді. Мен екі жыл бойы сабақ оқып, оқу ақысын төлеп отырдым. Енді аяқ астынан «сабаққа қатыспадыңыз» деп оқудан шығарып отыр. Келісімшартта қашықтан оқыту туралы анық көрсетілген», – дейді 2-курс студенті Құралай Құрман.
Оқудан шығарылғандардың басым бөлігі келісімшарт бойынша қашықтан білім алған. Жыл сайын әр студент шамамен 500 мың теңге төлеп отырған. Алайда олардың сөзінше, сабаққа қатысқысы келген күннің өзінде оқытушыларды табу қиын болған. Университет әкімшілігі студенттердің оқудан шығарылуына олардың сабаққа қатыспауы себеп болғанын мәлімдеді.
«91 студент оқу ақысын төлемеген, ал 259-ы сабаққа мүлде қатыспаған. Қашықтан оқыса да, университетпен байланыс болуы керек. Бұл студенттер бізбен ешқандай байланыс орнатпаған», – дейді университеттің бөлім басшысы Ақнұр Қәдірбек.
Алайда студенттер мен ата-аналар бұл уәжбен келіспейді. Олар университеттегі оқытушылар құрамы толық емес екенін, көптеген пән талапқа сай өтпегенін алға тартуда. Даулы жағдай облыс әкімдігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне дейін жетті.
«Студенттер мен ата-аналардың келісімшарттары бар екені анықталды. Сол себепті олар сотқа жүгінуге құқылы. Бұл мәселе бақылауға алынды, министрлік арнайы тексеру тобын құрып, университеттегі жағдайды зерделемек», – деді облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.
Осылайша, оқу жылының ортасында білімінен айырылған студенттер енді әділдік іздеп, сотқа жүгінбек.