Ақтөбе – Хромтау бағытында қатынайтын автобус жүргізушісі межелі жерге 5 шақырым қалғанда қалың тұманды сылтауратып, жолаушыларды айдалада көліктен түсіріп, қайтадан қалаға кетіп қалған.
Болған жағдайға жолаушылардың бірі шағымданған. Оның айтуынша, 17 наурыз күні рейстік автобус жүргізушісі Хромтауға жетпей, соңғы аялдамаға шамамен бес шақырым қалғанда барлық жолаушыларды айдалада түсіріп кеткен. Олардың арасында кішкентай балалар да бар. Кейін өзі тұманды ауа райын сылтауратып, Ақтөбеге кетіп қалған.
«Қыста және ерте көктемде Ақтөбе – Хромтау бағытында ауа райының қолайсыздығына байланысты қозғалысқа уақытша шектеулер жиі енгізіледі. Кейбір жағдайларда автобус елді мекенге кіре алады, алайда кері шығуына тиісті қызметтер тарапынан уақытша тыйым салынуы мүмкін», – деді «Qala trans» компаниясы директорының орынбасары Асқар Сабантаев.
Оның айтуынша, жолаушылардың арасында балалар болған жағдайда оларды елді мекеннен тыс жерде түсіріп кеткені дұрыс емес және тасымалдау қауіпсіздігі талаптарын бұзады.
«Бұл жағдайда жүргізушінің шешімді өз бетінше, басшылықпен келісусіз қабылдағаны анықталды. Мұндай әрекеттер ішкі нұсқаулықтар мен жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу болып саналады. Жүргізушіге қатысты тәртіптік шаралар қолданылады. Сондай-ақ барлық жүргізушілерге қосымша нұсқау беріліп, осындай жағдайлардың қабылданбайтыны және қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жолаушылардың қауіпсіздігі – ең бірінші орында және мұндай жағдай қайталанбауға тиіс», – деді «Qala trans» компаниясының орынбасары.