Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

“Ақша бөлінген…”. Павлодар облысында ауызсудан қағылған ауылдың зарын ешкім естір емес

– Бұған дейін бақшаға сәбіз, қызанақ, қияр сияқты көкөністерді егіп келдік. Ал, екі жылдан бері мұнда картоптан өзге дым өспейді. Бұған судың жоқтығы себеп болуда. Тозығы жеткен жазғы су құбырларын жаңартамыз деп сөндірген атқамінерлер оны сол күйі қоспай қойды. Биыл тағы су болмайтын түрі бар, – дейді көп балалы әке Батырхан Төлеуханов.

4 мыңнан аса тұрғыны бар Көктөбе елді мекеніндегі өзге үйлерде де жағдай осындай. Бірнеше жыл бұрын орнатылған құдықтардан мүлде пайда болмаған. Ащы суды адам түгілі, мал да ішпейтін көрінеді.

Былтыр салынуы тиіс жазғы су құбырлары қыста қар астында қалып, енді шіри бастаған. Көшедегі қозғалысқа бөгет жасаған тұрбалардан мертіккендер де жоқ емес

 – Құдықтың суын ішуге де болмайды, бақшаға да құюға келмейді. Егер құйсаң, аппақ тұз боп қалады. Сондықтан картоп, орамжапырақ салсаң, жапырақтары имейіп қурап қалады. Мына шұңқырды қазғаннан аяғымды да сындырып алдым, – дейді зейнеткер Мәкен Ниязбекова.

Ал, ауыл әкімі «Еңбек-ПВ» ЖШС-ға шаң жуытар емес. Бюджеттен бөлінген 32 миллион теңгенің толық игерілетінін жеткізген шенеунік мәселе көп ұзамай шешіледі деп сендіруде.

– Су құбырының ұзындығы – 17 шақырым. Оның 9 шақырымын жаппай жөндеуден өткізіп, түгелін ауыстырып жатыр. Бірінші маусымда су құбыры толық іске кіріседі. Оған біз кепілдік береміз, – деп сендірді Көктөбе ауылының әкімі Сәкен Сағынбаев.

Айта кетерлігі, ауылдықтардың бас ауруына айналған жазғы су құбырлары қазір елді мекендегі әр көшеде шашылып жатыр. Бюджеттен бөлінген миллиондарды қалтасына басқан мердігер компания болса былтыр қардың ерте түсуіне байланысты жұмысын аяқтай алмай қалған.

Мұны растаған шенеуніктер жазғы су құбыры маусым айына дейін қосылады деп уәде беріп отыр. Мұндайды сан рет естіген тұрғындардың оларға кезекті рет сенуден басқа амалы жоқ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз