Биыл еліміздегі жасы 58-ге толған 100 мың әйелдің жартысы зейнетке шыға алмайды. Бұған себеп — жаңа жылдан бастап күшіне енген зейнет жасын кезең-кезеңімен ұзарту заңы. Соған сәйкес, енді зейнетке 58 емес, 58 жарым жасқа толған нәзік жандар ғана шығады, деп хабарлайды КТК.
Бұрын егде жасқа келгендер бір жылдық төлемді бірден алып кете алатын. Немесе 3 айдың ақшасын қосып алуға мүмкіндік болды. Ал, енді ондай таңдау жоқ. Яғни, зейнеткерлердің жинаған ақшалары өздеріне тек ай сайын беріліп отырады. Қор қызметкерлері мұндай тәртіпті тиімді деп есептейді.
“Ай сайын алып отырады. Оған инвестициялық табыс қосылады. Сонда, меніңше, бұл әдіс зейнеткерлерге тиімді деп ойлаймын»
, — дейді “БЖЗҚ” АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Қадыржан Забих.
“Біздің есеп бойынша, биыл 50 мың әйел мен 63 мың еркек зейнетке шығады. Ал, жаңа заң күшіне енбегенде, яғни, әйелдердің жас шамасы жарты жылға ұзартылмағанда, зейнетке шығатын нәзік жандар саны 100 мыңнан асатын еді”, — деп түсіндірді “БЖЗҚ” АҚ Басқарушы директоры Жанар Төлегенова.
Тығырықтан шығар бір жол бар. Ол зейнет жасына жетпей, қордағы жинақтарды пайдалану мүмкіндігін беретін зейнетақы аннуитеті. Оны азаматтар 50-55 жастан бастап ала алады. Тек ол үшін әйелдердің қордағы жинағы кем дегенде 12 миллион, ерлердікі 9 миллион теңге болуы тиіс. Айта кетсек, өткен жылы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан аннуитеттік компанияларға 2784 адамның 26,7 миллиард теңгесі аударылыпты. Сондай-ақ, бүгін қор қызметкерлері проблемалық активтерді кері қайтарудың қалай жүріп жатқанын айтып берді. Қазір банкротқа ұшыраған 19 компанияда алынбаған 37 миллиард теңге бар.
“Қазір эмитенттер бізге 37 миллиард теңге қарыз. 2017 жылы борышкерлерден 1 миллиард 248 миллион теңгені қайтардық. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2016 жылы проблемалық қаржының 194 миллион теңгесі ғана өндірілген еді”, — дейді “БЖЗҚ” АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева.
Қор қызметкерлері дефолттық компаниялардың берешекті қайтарудан қашып, әдейі банкрот жариялауға дейін баратынын айтады. Десе де, ерте ме, кеш пе бүкіл қарызды өндіріп аламыз деп сендірді. Ал, Әзербайжан банкіндегі ақшаны жоғалтпадық деп жуырда Қаржы министрінің өзі түсінік берген болатын. Десе де, табыстың бір бөлігінен қағылғанымыз белгілі. Каспидің әр жағында жатқан 250 миллион доллар елімізге 2032 жылы ғана түгелдей қайтпақ.