Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Айдын Айымбетов – қазақ елінің мақтанышы

1091

Айдын Айымбетов ғарышқа ұшқаннан кейін еліміздегі көптеген білім ошақтарын аралап, қазақ жастарының ғарышкер болуға деген ынта-ықыласын оята түскені есімізде.

Бүгінде Айдын ағасы армандарын қанаттандырған қазақ жастары өздерінің алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін білім алып, еңбектенуде.

Қазақ жастарының көкейіндегі шоқты үрлеп, оны алау жалынға айналдырған Айдын Айымбетовты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласынан туындаған «100 жаңа есім» жобасына әбден лайық тұлға деп есептеймін. Өйткені ол тек қана жастарды емес, тұтас Қазақстан халқында шабыттандырып, рухын жаңғыртты.

Әсерлі әңгімелер 

Айдын Айымбетов ғарышқа сапарлап келгеннен кейін ғарыш кеңістігінен көрген-білгендерін отандастарымен бөлісу үшін көптеген кездесулер ұйымдастырды.

Өз басым Алматыда қазақтың үшінші ғарышкерімен болған кездесулерден қалмай қатысуға тырыстым.

Қазір сол кезде Айдын бауырымыз айтқан әсерлі әңгімелер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласында көтерілген өзекті дүниелермен үндес, мазмұндас екенін байқадым.

Сол себепті Айдын Айымбетовты «100 жаңа есім» жобасындағы лайықты тұлғалардың қатарына қосып, оның ғарыш кеңістігіне жасаған әсерлі әңгімелері жайында ой қозғауды жөн санап отырмын.

Қазақтан шыққан үшінші ғарышкер болған кездесулер жастардың бойына отаншылдық сезімін дарытқаны анық. Осындай әсерлі сәтке Айдын Айымбетов Азаматтық авиация академиясының болашақ ұшқыштарымен кездескенде куә болдым.

Сол кезде ғарышкер мен болашақ ұшқыштардың арасында тартымды сұхбат өрбіді. Өз кезегінде Айдын Айымбетов студенттерге «Мен бұған дейін көптеген ұжымдық кездесуде болып, жастардың сұрақтарына жауап бердім. Мен үшін бүгінгі кездесу ерекше болып тұр. Өйткені, мен бүгін болашақ ұшқыштармен, яғни, әріптестеріммен кездесіп отырмын», – деген еді. Өз кезегінде жастар Айдын ағаларынан ғарышқа ұшқанда қандай ғылыми-тәжірибелік сынақтар жүргізгенін, тәжірибе барысында тосын оқиғалар жайында сұрады:

– Ғарыш кеңістігіне көтерілгенде мен қазақ ғалымдарының тапсырысы бойынша физика-техникалық, медико-биологиялық 20-ға жуық ғылыми тәжірибе жүргіздім. Бұлардың бәрі отандық ғылымды дамыту үшін аса қажет жобалар болатын.

Тәжірибе барысында кейбір заттардың тартылыс күшінен тыс ғарыш кеңістігінде қандай күйге түсетінін бақылап, оны бейнатаспаға түсіріп, ғалымдарға жеткізіп бердім.

Таяуда бір ғалым ғарышта жүргізілген тәжірибенің арқасында ғылымда маңызды төрт ғылыми-зерттеу жұмысы қолға алынғанын айтып, қуантты. Сонымен қатар ультракүлгін сәулелерді түсіретін арнайы камерамен ғарыш кеңістігіндегі гамма сәулелерін түсіріп алдым. Бұл зерттеудің медико-биологиялық маңызы зор. Ғалымдарымыз алдағы уақытта осы материалдарды пайдаланып, радиация сәулесін кең көлемде зерттейді. Ал оқыс оқиғаға келетін болсақ, тәжірибе жүргізу барысында ешқандай төтенше оқиға болған жоқ, – деді.

Оның арманы

Ал көпшілік тарапынан жиі қойылатын «Ұшқыш, ғарышкер болуды бала кезіңізде армандадыңыз ба?» деген сұраққа қазақтың үшінші ғарышкері былайша жауап берді:

– Адамзат баласы алғаш рет ғарышқа ұшқан қазақ топырағанда туған балалар секілді мен де ғарышкер болуды армандадым. Кейіннен есейіп, жоғары сыныпқа аяқ басқанда ізгі арманымды іске асырудың жолдарын қарастыра бастадым. Кеңес заманында ғарышқа ұшқан азаматтардың көпшілігі әскери ұшқыштар еді. Сондықтан ғарышкер болу үшін алдымен әскери ұшқыш болу керек екенін түсіндім.

Сонымен қатар күреспен айналысқан адамдардың ғарышқа ұшқанда организмі ғарыш кеңістігіне тез бейімделетінін біліп, біраз жыл күреспен де айналысқан кездерім болды.

Осылайша тыңғылықты дайындық пен тынымсыз ізденістің арқасында арманыма қол жеткіздім. Алдағы уақытта «Қазғарышта» қызметімді жалғастырамын. Сонымен қатар ғарышқа тағы бір мәрте ұшу ойымда бар. Өз басым ғарышқа қазақ жастарының ұзақ мерзімге ұшқанын қалаймын. Себебі менің жасымда ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт аялдау қауіпті. Ғарышкер мейлінше жас болса, ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болатын мүмкіндігі бар. Сондықтан қазақ жастарының ғарышқа ұшқанын қалаймын.

Бұдан кейін студенттерді «Сіз әскери ұшқышсыз. Ал біздер болашақта азаматтық авиация саласының ұшқышы болуға талпынудамыз. Маман ретінде айтыңызшы, әскери ұшқыш пен азаматтық авиация саласы ұшқыштарының арасында қандай ерекшеліктер бар?» – деген сауалға кәсіби маман:

– Шындығында әскери ұшқыш пен азаматтық авиация саласы ұшқыштарының арасында өзіндік ерекшеліктері бар. Азаматтық авиация саласы ұшқыштары бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігін есепке алып, ұшақты басқарады. Өйткені үлкен лайнердің ішінде жас та, кәрі де отырады. Ал әскери ұшқыштар истребительмен ұшып келе жатып 1,5 секунд ішінде 60 градусқа шалт бұрып, күрделі маневрлар жасай алады. Сондықтан екі сала пилоттарының ұшақты басқаруда өзіндік ерекшеліктері бар. Сол себепті әскери ұшқыштарды азаматтық авиация саласына жұмысқа қабылдай бермейді (күлді). Ғарышкерге жастар ғарыш кеңістігінде жер шарынан қандай да бір қызық құбылыстар көріп, көрмегенін де сұрады.

– Ғарышкерлер арасында «егер ғарыштан оқыс жайтқа куә болып, тосын жайтты көрсең, оны бірден психологқа айтпа» деген әзіл бар. Ғарыш кеңістігінде төтенше бір құблысты көріп, куә болмадым. Бірақ солтүстік полюстің күн нұрына малынуы маған қатты әсер етті. Бұл көріністі тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек қана көру керек.

“Қазақтың жері кең байтақ” 

Ал «ғарыштан жерге қарағанда көркімен көз тартқан жер болды ма?» деген сауалға ұлтжанды ғарышкеріміз былайша үн қатты.

– Болды. Ол – кең байтақ Қазақ жері. Өйткені қазақ жерінде өзен мен көл, тау, ну орманға оранған аймақ пен шөлейт жерлер бар. Осы табиғат ананың ғажайып үйлесімі ғарыштан көзге бірден шалынады. Бұл – шын сөзім. Сеніңіздер. Сонымен қатар ғарыштан өзге ғаламшарларды тамашалауды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Біздер атмосфера қабатынан өзге ғаламшарларды мүлде көре алмаймыз. Ғарышта мұндай кедергі болмағандықтан өзге ғаламшарларды анық көруге болады. Марс, Юпитер, Сатурн бәрі-бәрі қол созым жерде тұрғандай әсерге қалдырады.Емен-жарқын әңгіме барысында Айдын Айымбетов ғарыштан оралғаннан кейін дүниетанымында қандай өзгеріс болғанын да жастарға айтып берді.

– Ғарышқа ұшқанда қорқыныш болмаса да, қобалжу сезімі болды. Өз басым талай ұшу-жаттығуларынан өтіп, бойымдағы қорқынышымды жеңдім деп ойлаушы едім. Бірақ «Союз ТМ-18М» кемесіне мініп, барлық люктер жабылып, алып машина от алғанда біраз қобалжыдым. Өйткені, 200 миллион аттың күші бар алып зымыран дірілдеп, жерден көтерілгенде, оның күш-қуаты кімді болса да қобалжытар еді.

Біздер жер бетінде жүргенде жер ананың шеті мен шегі жоқ кең дүние деп елестетеміз ғой. Ал ғарыштан қарағанда жердің тұңғиық кеңістік тұрған қорғансыз планеталардың бірі екенін байқайсың. Ғарыш кемесінің иллюминаторынан қарағанда жершарын аялаудың қаншалықты маңызы зор екенін түсіндім. Осы тұрғыдан алғанда жан дүниемде біраз өзгерістер болды.

Өз кезегінде Айдын Айымбетов ғарышта болған кезінде жуына алмағанын да айтып берді.

«Ғарышкерлер жуынбайды, тек сүртінеді (күлді). Өйткені су денеге жұқпайды. Сондықтан біздер ұйқыдан тұрған бетте арнайы дымқыл сүрткіштермен сүртініп, тазалық сақтадық», – деді.

Сонымен қатар ғарышкер ғарышта ұйықтай алмай қиналғанын да жасырмай айтты.

– Ғарышқа ұшқанымда көсіліп жатып ұйықтаудың қаншалықты маңызды дүние екенін түсінгендей болым. Өйткені ғарышта тартылыс күші болмағандықтан күні-түні ауада қалықтап тұрасың. Әдетте біздер жастық жастанып, басымызды ыңғайымызша қисайтып, ұйқыға бас қоямыз ғой.

Ал ғарышта басыңды қалаған жағыңа қисайтып ұйықтай алмайсың. Тек сұлық жатып ұйықтап кетесің. Сондықтан ғарышта болған сәтімде жерде жатып ұйықтағанды қатты аңсадым.

Осындай әсерлі әңгімені естігенде студент жастарды былай қойып, өзіміз де ғарышқа сапар шеккіміз келіп кеткені жасырын емес. Бүгінде дамыған елдер өзінің болашағын ғарышпен байланыстыратыны белгілі. Мұндай жағдайда Байқоңырдай алып ғарыш айлағы мен майталман ғарышкерлері бар Қазақстанның да ғарышты зерттеуге ұмтылуы орынды деп есептейміз.

Сондықтан «100 жаңа есім» жобасына лайық Айдын Айымбетовтың ізбасарлары көбейіп, Қазақстанның шоқтығын биіктете түскенін қалаймыз.

Дайындаған, Нұрлан ЖҰМАХАН

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз