Қазақстанның халық артисі, атақты әнші Бибігүл Төлегеновны Air Astana қызметкері бортқа кіргізбей әрі дөрекі сөйлегені белгілі болған. Әуе компаниясының қызметкері ұшақ есігіне дейін арбаға отырып келген 95 жастағы Бибігүл Төлегенованы басқа жолаушыларға кедергі келтіресіз деген желеумен бортқа өткізбеген.
Продюсер, қоғам белсендісі Лека Савальева әуе компания президенті Питер Фостерге үндеу жолдап, болған жағдай үшін кешірім сұрауын талап етті.
«3 қыркүйек күні сағат 10.30-да Астанадан Алматыға ұшатын Air Astana әуе компаниясының 852 рейсінде жайсыз оқиға орын алды. Аты аңызға айналған әнші, КСРО халық әртісі және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға Air Astana қызметкерлері ұшаққа отырғызу кезінде дөрекілік көрсетті», – деп жазды Лека Савельева Facebook парақшасында.
Әуе компанияның қызметкерлеріне Бибігүл Ахметқызының денсаулығы сыр беретіні, яғни омыртқасында ақау бар екені хабарланған. Арбаға таңылған өнер иесін қызы шығарып салмақ болған. Бірақ кенеттен оларды Air Astana қызметкері тоқтатып, арбадағы жолаушылар бірінші болып отырғызылатынын, ал кешіккен жағдайда соңғы жолаушының өткенін күту керек екенін айтқан.
«Бибігүл Ахметқызы арбамен тек ұшақтың кіребірісіне дейін ғана барып, ары қарай ешкімге кедергі келтірмей орнына жайғасқысы келді. Оның үстіне сол уақытта топырлаған жолаушы да болмады. Арбамен оңай әрі тез өтіп кетуге мүмкіндік болды», – деп жазылған хатта.
Әуе компанияның баспасөз қызметі продюсердің үндеуіне жауап берді. Бірақ олар әншіге құрмет танытқанымен, кешірім сұраған жоқ. Әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелеріне сай, арбада отырған жолаушылар ұшаққа ең бірінші болып немесе ең соңында мінеді. Яғни, осы ереже жолаушылардың бәрі үшін ыңғайлы, сондай-ақ, терминалдан эвакуациялау ережелеріне сай.
«Біздің қолымыздағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанның халық артисі Бибігүл Төлегенова мен оның қызы жолаушылар ұшаққа міне бастағанда келген. Сондықтан әуе компаниясының агенті жолаушылар мініп алғанша күте тұрыңыздар деген. Әуе компаниясы осы оқиғаның орын алғанына қатты өкінеді және қызмет сапасын жақсарту үшін қосымша тексеріс жүргізеді», – деп жазды компания өкілдері.