Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Өлген адамды табыс көзіне айналдырғандар бар екен

155

Автордың жазуынша, жасы 30 -35-тер шамасындағы әйелдің екі-үш жыл бұрын сіңлісі қайтыс болған екен.

“Сіңлім ата-анасы жоқ жігітке тұрмысқа шыққан еді. Күйеуі екеуі пәтер жалдап тұратын. Күйеубаламыз «таксовать» ететін де, ал сіңлім күнкөріс қамымен екі-үш жерде қатар жұмыс істеп, көп қиыншылық, таршылық көрді. Ажалы шығар, көлік апатынан қаза болды. Өз үйлері болмағандықтан әкем сіңлімді жерлеуді, қазаға байланысты өтетін барлық шығындарын өз мойнына алды”, – деп бастады кейіпкер әңгімесін.

“Жаназа күні үйге екі әйел келіп, жұрт тарап, қараңғы түскенше қайтпады. Күйбеңдеп ыдыс-аяқ жуысқан, үйді жинасқан болады. Қайғыдан қан жұтып отырып олардан жөн сұрау да ойымызда болмапты. Кейін олар жетісі өтетін күні де елдің алдымен келіп, жұртты таратып, соңынан қайтты. Сіңлімнің жақын араласқан бір таныстары шығар дедік те қойдық.

Содан алғашқы бейсенбілігін өткізіп, жұрт аяғы басылды-ау деген шақта әлгі әйелдің бірі келіп, сіңлім өлерінің алдында өзінен қарыз алғанын айтты. «Қайтыс болды ғой, кешіре салайын десем, өзім де қысылып тұрмын», – деп қиылған соң мен оның сұраған ақшасын беріп жібердім. Бар ойым сіңлімнің мойнына қарыз жүктемеу болды.

Арада екі-үш күн өткенде тағы бір әйел келді сіңлімнің алған қарызын сұрап, мен тағы ештеңе деместен сұраған ақшасын беріп жібердім. Осылайша мен үш-төрт әйелге ақша бердім.

Бір бейсенбілігінде тағы бір әйел келіп, сіңлімнің қарыз екенін айтып тұр. Қалтамдағы ақшаны санасам, жетпеді, сосын нағашы әпкемнен сұраған едім, ол менімен бірге әлгі әйелдің жанына барып, сіңлімнің ақшаны не үшін және қашан алғанын сұрады. Сонда ана әйел күмілжіп, зорға жауап берді. «Қайқай!» – деді әпкем түсін суытып. Ана әйел үндемей кетіп қалды. Мен таң-тамаша болып қалдым. Сосын әпкеме бұдан бұрын да үш-төрт әйел келіп, қарызы бар еді деп ақша әкетіп жүргенін айттым. Неге бересің деп әпкем біраз ашуланды”, – деген кейіпкер біраз уақыт өткенде банктен хат келгенін айтады.

“Ұққаным, сіңлім 500 мың теңге көлемінде несие алып, оны төлемей қойған.

Әкем екеуміз ақылдаса келе несиесін төлеп құтылғанымыз дұрыс деп шештік. Сол баяғы мойнына қарыз болмасын дегеніміз ғой. Бағымызға орай, тура сол сәтте нағашы әпкем келіп қалды үйге. Біз болған жайды айттық. Әпкем басын шайқап: «Ол банктен несие алған болса, оны қайда жұмсағанын сендерге айтар еді, бұл мүмкін емес», – деп сенбеді.

Сөйтіп банкке барып, қай күні алғанын тексертсек,

сіңлім өлгеннен кейінгі дата шығып тұр.

Олар да, біз де аң-таң болып қалдық. Несиені сіңлім алмағанына көзімізді жеткізіп, бір жеңілдеп қалдық. Естіген әңгімені жұртқа жаймай-ақ сол жерде қалдыра салуға да болар еді. Дегенмен алаяқтықтың мұндай түрі жайлы да жұрт біле жүрсін деп ойладық”, – дейді кейіпкер.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз