Абай облысының Мұқыр ауылында өткен жылдың қаңтар айында 42 жастағы Жәнібек Апбасов өз үйінде ауыр соққыға жығылып, кейін ауруханада қайтыс болды. Марқұмның отбасы күдіктілердің әлі күнге дейін бостандықта жүргеніне наразы.
Жәнібек екінші топтағы мүгедек болған. Оның туыстары полицияның бастапқыда істі жауып тастағанын айтып, тәуелсіз сараптама жүргізген. Марқұмның ұзақ уақыт бойы азапталғаны анықталған.
«Сараптама қорытындысы бойынша қабырғасы үш апта бұрын сынған, жалақы алған күні басынан екі рет ауыр соққы алған. Кейін тағы да бірнеше рет соққыға жығылған», — дейді қарындасы Жанаргүл Апбасова.
Марқұм мектепте аула сыпырушы болып жұмыс істеген. Жақындары оның өліміне әріптесі мен ауылдасын кінәлап отыр. Телефонынан табылған хабарламаларға сүйенсек, олар Жәнібекті ұзақ уақыт бойы бопсалап келген. Алайда күдіктілердің бірі өзіне жала жабылып отырғанын айтып, айыптауларды жоққа шығарды.
«Мені негізсіз айыптап отыр. Оған дәлел жоқ. Бұл жағдай менің отбасым мен ауылдағы абыройыма нұқсан келтіруде», — дейді Мұқыр ауылының тұрғыны Дәурен Шәмшекбаев.
Қазіргі уақытта іс «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қайта тергелуде. Марқұмның туыстары тергеудің тым ұзаққа созылып кеткенін айтып, әділдік талап етіп отыр.