Абай облысының Мақаншы ауданының сотында «102» нөміріне әдейі жалған қоңырау шалған ер адамға қатысты әкімшілік іс қаралды. Іс материалына сәкес, 2025 жылдың 20 қазанында таңертең құқық бұзушы К. үйінде алкогольдік ішімдік ішіп, полиция бөлімінің «102» нөміріне әдейі жалған қоңырау шалған. Сонымен қатар ол мұндай әрекетті әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған.
Құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, сол күні мас болғанын, жасаған ісіне өкінетінін айтып, өзіне қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны қолдануды сұрады. Полиция қызметкері сотта К.-ның бұған дейін, яғни 2025 жылдың 22 қыркүйегінде осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын растады.
Құқық бұзушының кінәсі сотта зерттелген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полиция қызметкерінің рапортымен, медициналық куәландыру қорытындысымен және іс материалдарының өзге де дәлелдерімен толық дәлелденді.