Бүгін Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның отырысында Жер реформасы жөніндегі комиссияның экономика бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ақылбек Күрішбаев жерді жалға алушыны жерді сатып ал деп мәжбүрлемейтін нұсқаны ұсынды.
Оның сөзіне қарағанда, жұмыс тобының мүшелері үшінші ұсынысты, яғни жерді жекеменшікке беру мен ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің қатар жүру мәселесіне көп тоқталды.
«Біріншіден, бұл әдіс әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді. Бүгінде барлық дамыған елдерде жерді жекеменшікке беру тәжірибесі қалыптасқан, тек қана Англияда өзінің ерекшілігі бар. Бірақ, бұл жерде біз әрқашан да айтамыз, біз – Еуропа, Америка емеспіз. Сондықтан бұл мәселе бойынша біз тек эволюциялық жолмен жүруіміз керек», – деді А. Күрішбаев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы алқабының 99 пайызы жалға алынып отыр.
«Егер де біз жерді меншікке берумен қатар, жалға беру институтын жалғастырсақ, жалға алушының сол жерде алаңсыз жұмыс істеуіне барлық мүмкіндіктер болады. Олар жерді жалға алады, ертең 49 жылы аяқталғасын ары қарай жалғастыратын мүмкіншілігі болады. Яғни, жалға алушыны ешкім де жерді сатып ал деп мәжбүрлемейді. Бұл ереже елімізде жерді қайта бөлуді туындатпайды, сонымен қатар жерді жекеменшікке сатып алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға тиімді әрі әлеуметтік әділеттік ұстанымдар сақталады. Бұл нұсқа бойынша ауыл шаруашылығына арналған жерлердің басым көпшілігі жалға беріліп, мемлекеттің меншігінде қалады деген ойдамыз. Бұның себебі қарпайым әрі түсінікті», – деді жұмыс тобының жетекшісі.