Табиғат жанашыры Александр Мандрыкиннің айтуынша, Хромтау ауданындағы Құмсай-Бөгетсай-Қопа ауылдары маңынан ағып өтетін Ор өзенінде балықтар ғана емес, бақа-шаян, кірпінің өлексесі де табылған.
Табиғат жанашыры Александр Мандрыкин Ор өзенінде балық қырылып жатқанын бейнетаспаға түсіріп, дабыл қақты. Мұнда тек шортандар емес, шаян мен таутан балықтардың өлексесі жатыр.
– Өткен аптаның соңында Құмсай мен Бөгетсай, Қопа ауылдарының жанымен ағатын Ор өзеніне барған едік. Көрініс адам қорқытады. Мұнда балықтар су жиегіне шығып жатты. Тіпті, су бетінде салмағы 15 келі болатын шортандар жүр. Өлекселер күн санап артып барады. Ал тірі балықты ауыл тұрғындары қолмен ұстап алып, азық етуде,- дейді ол.
Александр Мандрыкиннің айтуынша, өткен аптада өзенде су көтерілген. Болжам бойынша, далалық су жол бойындағы химиялық улы заттарды ағызып әкелуі мүмкін. Су Ор өзеніне қосылған кезде балықтар қырыла бастаған. Бұл оқиғадан облыстық аңшылар және балықшылар қоғамы хабардар.
Қоғам төрағасы Алексей Гогель: «Ор өзені біздің учаскеміз болғанымен, ондағы шығынды біз есептемейміз. Шығынды мемлекеттік мекеме ретінде жануарлар және өсімдік әлемін қорғау инспекциясы есептейді. Себебі, шығын мемлекетке келтірілді»,- дейді.
Айта кетейік, балықтардың қырылу себебін жануарлар және өсімдік әлемін қорғау инспекциясы анықтайтын болады.