Бір топ ғалым Қазақстандағы ақбөкендердің жаппай қырылуының себебін анықтау үшін арнайы экспедицияға шықты. Бұл туралы Қазақ география қауымдастығының Фейсбуктегі жеке парақшасында жазылды.
Алғашқы күні олар Державинскіде түнеген. Келесі күні Арқалық қаласынан керек-жарақтарын сатып алған экспедиция мүшелері Амангелді ауданына жол тартқан. Аудандық ветеринария бөлімінің бастығымен жолыққаннан кейін экспедиция екіге бөлінген. Бірінші топ — ақбөкендерді тауып, олар туралы бейнежазба әзірлеуі керек болған, ал екінші топ — жергілікті халықтың үйде ұстайтын малдары, шабындық жерлері жайында деректер жинап, оның қырылған ақбөкендермен қандай байланысы барын зерттемек.
Алдында ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі ақбөкендердің жаппай қырылуы қайтадан қайталануы мүмкін екенін ескерткен болатын.
Былтыр Қазақстанда 134 мың бас ақбөкен қырылған. Ал ақбөкендердің еліміздегі жалпы саны 300 мыңнан асады. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі ол кезде „ақбөкендердің өліміне пастереллез деген ауру себеп„ деп қорытынды шығарған.