Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Наурызбай ауданын жұмыс сапары барысында аралап, «Алматы Тазалық» МКК-нің жаңартылған өндірістік базасына барды. Шаһар басшысы арнайы техникаларды қарап, қызметкерлердің еңбек жағдайымен танысып, кәсіпорын ұжымымен кездесті.
Аумағы 2 гектар болатын өндірістік база Байсұлтанов көшесінде орналасқан. Мұнда 352 адам еңбек етеді және 66 арнайы техника, оның ішінде жолға қызмет көрсететін 14 әмбебап машина бар.
Қызметкерлермен кездесуде Дархан Сатыбалды коммуналдық қызметтердің сапалы жұмысы жұмысшылардың еңбек жағдайына тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайын жасауымыз керек. Қажетті жағдай жасалмаса, жұмысты сапалы орындауды қалай талап етеміз? Ең алдымен, қаламыздың тазалығын күн сайын қамтамасыз етіп жүрген адамдардың еңбегін құрметтеуіміз қажет», – деді қала әкімі.
Кездесу барысында қала көшелерін күтіп ұстау, тазалық жұмыстарын ұйымдастыру және коммуналдық қызмет көрсету сапасына ерекше назар аударылды.
«Тазалық бірінші орында тұруы керек. Тазалық, тәртіп пен көркейту қаланың жалпы келбетін қалыптастырады. Басқа елге немесе қалаға барғанда, ең алдымен, оның қаншалықты таза екеніне назар аударамыз. Бұл қоршаған ортаны қалай қабылдайтынымызға және оған деген көзқарасымызға әсер етеді. Тазалық жоқ жерде тәртіп те болмайды. Сондықтан бұл жұмыс тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек», – деді Дархан Сатыбалды.
Қала әкімі Мемлекет басшысы Алматыны ретке келтіру міндетін қойғанын да жеткізді. Осыған байланысты қаланы көркейту және тазалық сақтау жұмыстары жалғасады. Ал коммуналдық қызметтер бұл міндеттердің жүйелі әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
Қазіргі таңда «Алматы Тазалық» кәсіпорнының автопаркінде 1 017 техника бар. Қысқы тазалық жұмыстарына 830 техника қарастырылған. Оның ішінде жыл бойы пайдаланылатын 700 машина және қысқы жұмыстарға арналған 130 арнайы техника бар. Ал қалған 187 техника жаз мезгілінде қолданылады.
Биыл кәсіпорын қосымша 200 арнайы техника сатып алып жатыр. Соның нәтижесінде автопарк құрамындағы техниканың жалпы саны 1 217-ге жетеді.