Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, белгілі қытай жазушысы Мо Янь «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына қатысушыларына үндеу жолдап, қазақстандық оқырмандарға шабыт, табыс және әдебиет әлемінде жаңа жаңалықтар ашуды тіледі.
Өзінің бейнеүндеуінде жазушы «Сарымсақ жыры» кітабі қазақ тіліне аударылып, марафон аясында оқылатын шығармалар тізіміне енгенін атап өтті.
«Менің «Сарымсақ жыры» романымның қазақ тіліне аударылып, осы марафон шығармалар тізіміне енгеніне өте қуаныштымын», — деді Мо Янь.
Жазушы сондай-ақ Қазақстанға жасаған сапары мен қазақстандық қаламгерлермен кездесулері туралы айтты. Ол қазақ әдебиетімен танысу екі елдің әдеби дәстүрлері арасында ерекше жақындық бар екенін сезінуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Қазақ әдебиеті маған өте жақын әрі қымбат. Өйткені сіздердің шығармаларыңызда суреттелетін өмірдің көп қыры өзімнің басымнан өткерген жағдайлармен үндеседі», — деді жазушы.
Мо Янь «Кітап оқитын ұлт» бастамасының мәдениет пен қоғамды дамытудағы маңызын да ерекше атап өтті.
«Жалпы, кітап оқуға арналған осындай жалпыұлттық марафон ұйымдастырғандарыңыз өте жақсы. Бұл — ұлттық мәдениетті дамытуға ықпал етіп қана қоймай, қоғамның дамуына да елеулі үлес қосатын игі әрі ізгі іс», — деді ол.
Марафонға қатысушыларға арнаған сөзінде жазушы оларға кітап әлеміне сапар барысында шабыт тіледі.
«Кітап әлеміне саяхат жасап, білім мен даналықтың биігіне ұмтылған әрбір қатысушыға зор шабыт тілеймін! Әрбір парақ жүректеріңізге жарық сыйлап, ішкі жан дүниелеріңізді байыта берсін. Кітап әрдайым қолдарыңыздан түспесін, ал білімге ұмтылыстарыңыз бен өзін-өзі дамыту жолындағы талпыныстарыңыз әрдайым жетістікпен жалғаса берсін!»
Сөз соңында Мо Янь қазақстандық оқырмандарға алғысын білдіріп, оларды бірге жаңа әдеби көкжиектерді ашуға шақырды. Мо Янь — әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты. Ол 2012 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығына ие болды.