Маңғыстау облысында ер адам SUP-бордпен серуендеп жүріп, суға батып кетті. Қайғылы оқиға 30 тамыз күні сағат 16:10 шамасында Ақтаудан шамамен 45 шақырым жердегі «Жылы жағажай» аумағында болған. Бұл туралы 365info.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға орнына жедел-құтқару қызметінің, ТЖД мен полиция қызметкерлері, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы келген. Алайда көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, ер адамды құтқарып қалу мүмкін болмаған.
Маңғыстау облысының ТЖД тұрғындар мен өңір қонақтарын шомылуға арналмаған жерлерде суға түспеуге және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.