Непал мен Қытай шекарасындағы жойқын су тасқынынан кейін Қазақстанның екі азаматы хабар-ошарсыз кеткен. Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі бір қазақстандық әйелдің жоғалғанын мәлімдеген еді. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, екі әйел де табиғи апат болған аумақта болуы мүмкін.
Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандық әйелдердің бірі апаттан кейін Непалдан Қытайға өткен туристік топтың құрамында болған. Алайда оның қазіргі жүрген жерін анықтау мүмкін болмаған.
Су тасқыны 26 тамызда Непалдың Қытаймен шекаралас аумағында болған. Кейінгі мәлімет бойынша, табиғи апаттан қаза тапқандар саны 389 адамға жетіп, тағы 466 адам зардап шеккен. Сонымен қатар шамамен 1000-1500 адамның тағдыры әлі белгісіз. Олардың арасында жүздеген шетелдік турист пен зиярат етуші бар.
Іздеу-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына 4,3 мыңнан астам полиция қызметкері тартылған. Құтқарушылар үйінділерді аршып, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуді жалғастырып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, апатқа Гималайдағы ірі мұздықтың опырылуы себеп болуы мүмкін. Мұздықтың орасан зор бөлігі аңғарға опырылып түсіп, жойқын су мен лай тасқынын тудырған.