Қарағанды облысының Шет ауданында Өнірек ауылының маңындағы табиғи өрт оқшауланды. Өртті сөндіруге 310-ға жуық адам, ондаған техника және авиация жұмылдырылды. Құрғақ шөп 613,6 гектар аумақта өртенді. Сондай-ақ өрт Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы аумағындағы орманды алқаптың бір бөлігін шарпыды. Жалынның орман алқаптарына одан әрі таралуына жол берілген жоқ. Өрттің жалпы аумағы 650 гектарды құрады.
Жету қиын аумақтардағы жекелеген өрт ошақтарын сөндіруге ТЖМ авиациясы тартылды. Су төгу құрылғыларымен жабдықталған «Қазавиақұтқару» тікұшақтары жалпы көлемі 78 тонна суды 26 рет төкті.
«Өртті сөндіруге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылықтары және басқа да өзара іс-қимыл жасайтын қызметтердің 310-ға жуық қызметкері мен 44 техникасы, сондай-ақ «Қазавиақұтқарудың» екі тікұшағы жұмылдырылды», – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта жекелеген бықсу ошақтарын толық сөндіру және аумаққа су себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағдай ТЖМ бақылауында.