Елордада түн ішінде көшелерде жарыса жүйткіп, көліктерінен қатты дыбыс шығарып, тұрғындардың мазасын алған екі BMW жүргізушісі жауапқа тартылды. Полицияның мәліметінше, 20 жастағы екі жігіт түнгі уақытта жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзып, көшелерде қауіпті маневрлер жасаған. Сондай-ақ олардың бірі көлігінің дыбыс бәсеңдеткіш жүйесіне заңсыз өзгеріс енгізген. Соның салдарынан автокөлік қалыптан тыс қатты дыбыс шығарып, қала тұрғындарының тыныштығын бұзған.
Бұдан бөлек, қоғамдық тыныштықты бұзғаны үшін екі жүргізушіге ұсақ бұзақылық бабы бойынша да жауапкершілік жүктелді. Сот шешімімен олардың әрқайсысы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
«Қазақстан заңнамасына сәйкес көлік құралын заңсыз қайта жабдықтауға жол берілмейді. Әсіресе, түнгі уақытта әдейі шу шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын мұндай әрекеттерге мүлде төзімділік танытылмайды. Жүргізушілерді өзгелердің тыныштығын құрметтеуге, Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», – деп мәлімдеді полиция.