Нұр-Сұлтан
Қазір
18
Ертең
27
USD
473
+2.63
EUR
542
+5.08
RUB
6.01
0.00

Түркістанда жаңа пәтерлердің төбесінен су ағып, қабырғасы қақырай бастады

Түркістан қаласындағы бес қабатты үйлер 4 маусым Рәміздер күні берілген. Содан бері сырты қараусыз қалған баспананың іші де оңып тұрғаны шамалы. Бесінші қабаттағы үйлердің төбесінен су ағып, сылақтары ойылып түскен. Ал ондағы тамшы күннің ысығанына қарамастан әлі күнге дейін әр тесіктен сорғалап тұр дейді жаңа қоныс иелері.

«Қазір Түркістанда аптап ыстық, ауа температурасы 50°C-қа жуық. Бір аптадан асты, жауын жауған жоқ. Соған қарамастан, үйдің төбесінен су тамшылап тұр. Бұл су қайдан келіп жатыр? Ертең жаңбыр жауса, үйдің жағдайы не болмақ? Бұл баспананы бізге уақытша емес, өмір бойы тұру үшін берді ғой. «Бір-екі жыл ғана тұрасыңдар» деген ешкім жоқ. Осындай үйде қалай тұрамыз? Пәтерді өткен айдың төрті күні алғанмын. Бір жарым айдың ішінде үйімнің күйі осындай болды», – деді түркістандық Гүлдана Усинова.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға берілген үйдегі былық мұнымен бітпейді. Мемлекеттік бағдарламамен табысталған баспананың қабырғалары қисық, ал ондағы түсқағаздар қазірдің өзінде жұлынып жатыр. Айта кету керек, үйге көшіп келген көпшілік онда қонуға қорқамыз дейді. Кейбірі төбеден аққан тамшыдан қашып балконда ұйықтап жүр.

Түркістан тұрғыны Әділет Нүке жаңа пәтердің сапасына көңілі толмайтынын айтады. Оның сөзінше, баспанада құрылыс кемшіліктері көп: шатырдан су ағады, электр жүйесі ақаулы, ал терезелерден жел өтеді.

«Жұмыстың салғырт атқарылғаны бірден көзге көрінеді. Төбеден бастап көптеген кемшілік бар. Мысалы, электр жүйесінде ақау көп: шам орнатсаң, бірден күйіп кетеді. Терезелерден де жел өтеді. Қазір өзім балконда ұйықтап жүрмін. Үйдің ішкі құрылысының сапасы көңіл көншітпейді. Ешқандай көңіл толарлық дүние көріп тұрған жоқпын. Жағдайымыз болмағандықтан, осы баспананы кезекпен алдық», – деді Түркістан қаласының тұрғыны Әділет Нүке.

Қолына кілтін алғанына енді ғана бір өткен бұқара осының бәрін айтып, әкімдік өкілдерінен бастап, прокуратураға дейін арызданған. Алайда пікірімізге пысқырған ешкім болмады деп ашынады. Осыған дейін жолатпады деген жауаптылар бұл жолы жұртпен кездесуге өздері келіпті.

Қала әкімдігі тұрғындардың шағымын растап отыр. Шенеуніктердің айтуынша, қатты жауыннан кейін шатырдан су ағу деректері тіркелген. Қазір мердігерге барлық ақауды қысқа мерзімде жою міндеті жүктелген.

«Қатты жауыннан кейін шатырдан су ағу фактілері тіркелді. Біз оны фото және видеоға түсіріп, тіркедік. Заңнамаға сәйкес, мердігер анықталған кемшіліктерді өз қаражаты есебінен қалпына келтіруге міндетті. Осыған байланысты оған екі рет ескерту берілді. Қазіргі таңда мердігер қажетті құрылыс материалдарын толық алғанын хабарлады. Оның айтуынша, қалпына келтіру жұмыстары екі-үш күннің ішінде аяқталады», – деді Түркістан қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Мәуленов.

Мемлекет берген тұрғын үй үшін пәтер иелері айына 17 мың 600 теңге төлейміз дейді. Алайда қазірдің өзінде қақырап жатқан баспана біраз уақытқа шыдайтынына күмәнмен қарайды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз