ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Қазақстан тарихының көптомдық академиялық басылымын әзірлеу жөніндегі Редакциялық алқаның қорытынды отырысында псевдотарихшылар популистік тәсілдер арқылы жалған тарихи мифтерді қалыптастырып жатқанын қатаң сынға алды.
«Бүгінгі ақпараттық кеңістікте түрлі жалған тарихшылар өздерінің үстірт көзқарастары мен негізсіз болжамдарын қоғамға таңуға тырысып жүр. Олар популистік тәсілдер арқылы жалған тарихи мифтерді қалыптастыруда. Нағыз ғалымдардың еңбегімен дайындалған Қазақстан тарихының академиялық басылымы осындай псевдотарихшыларға берілетін нақты тойтарыс болмақ», – деді Ерлан Қарин Редакциялық алқаның қорытынды 14-ші отырысында.
Оның айтуынша, академиялық еңбекті әзірлеуге тарихшы ғалымдардың бірнеше буыны атсалысқан. Сондықтан Қазақстан тарихының көптомдығын бірнеше буын ғалымдарының ортақ зияткерлік еңбегінің жемісі деуге толық негіз бар.
«Біз тарихтан тәлім алуымыз керек. Сондықтан, әлеуметтік желілер арқылы ақылға қонымсыз пікірлер таратып, елді адастыратын псевдотарихшылардың емес, кәсіби мамандардың еңбектеріне сүйену қажет. Өйткені, кәсіби тарихшылар зиялы қауым ретінде қоғамға дұрыс бағдар беріп, жұрттың тарихи сауатын арттыра алады», – деді Ерлан Қарин.