21 маусым күні түстен кейін Ақтөбе қаласында соққан қатты дауыл тұрғындарды әбігерге салды. Күшті желдің салдарынан ағаштар құлап, бірқатар ауданда электр қуаты өшкен. Тұрғындардың айтуынша, алдағы қолайсыз ауа райы туралы ешқандай ескерту болмаған.
Дауыл шамамен сағат 13:30 кезінде басталған. Куәгерлердің сөзінше, аспан бір сәтте қара бұлттанып, жел екпіні күрт күшейген. Соның салдарынан Мира көшесіндегі №5 үйдің ауласында үлкен ағаш тұрғын үйдің маңына құлаған.
«Барлығы өте жылдам болды. Аспан кенеттен түнеріп, қатты жел соқты. Не болып жатқанын түсінбей қалдық. Төтенше жағдай жөнінде ешқандай хабарлама алмадық. Адамдар қауіптеніп, жан-жаққа жүгірді», – дейді Ақтөбе тұрғындарының бірі.
Табиғат құбылысы жарты сағатқа жетпейтін уақытқа созылғанымен, ондаған ағаштың құлауына себеп болған. Сонымен қатар, тұрғындар бірнеше ауданда электр қуатының өшкенін хабарлады. Әсіресе, Алтын Орда шағынауданындағы кейбір көпқабатты үйлер жарықсыз қалған.
Өз кезегінде Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті ауа райының нашарлауы туралы ескерту сол күні таңертең жарияланғанын мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, 21 маусымда өңірдің батысы мен солтүстігінде жаңбыр мен найзағай күтілген. Сондай-ақ кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін екені ескертілген.